Еуропа баспагерлер кеңесі Google-ға қарсы шараларды одан әрі күшейтуге шақырды. Бұған дейін алпауыт технологиялық компания онлайн жарнама бойынша монополия орнатты деген кінә артылып, айыппұл салынған еді.
Бұған АҚШ президенті Дональд Трампта көңіл аударып, Брюссельмен жеке сөйлесемін деп сес көрсеткен. Енді қалай болмақ? Бұл Еуропаға қарсы жаңа тарифтер салынуы мүмкін бе?
Дональд Трамптың ескертуі мен қысымына қарамастан, Еуроодақ айтқанынан қайтпай отыр. Еуропада бәсекелестік принциптері мен заң үстемдік етіп, саяси қысымға жығылмау қажет. Айыппұл көлемі тек фактілерге сүйеніп тағайындалды. Еурокомиссардың айтуынша, заң алдында бәрі тең.
Тереса Рибера, ЕО бәсекелестік мәселелері бойынша комиссары:
- Google жарнамалық нарықтағы үстемдігін асыра пайдаланды. Бұл баспагерлерге, жарнама берушілерге және қарапайым тұтынушыларға зиян келтірді. Мұндай әрекет заңға қайшы.
Бұған дейін АҚШ президенті ЕуроОдақтың Google-ға 3 миллиард еуроға жуық айыппұл салу туралы ұйғарымын қатты сынға алған болатын. Бұл шешімді Трамп “әділетсіз”, әрі “кемсітушілік” деп сипаттап, оның америкалық жұмыс орындары мен инновацияға зиян келтіретінін айтты және тергеу болады деп сес көрсетті.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Біз мұндай кемсітушілік әрекеттерге жол бермейміз. Мен 301-бап бойынша тергеу бастауға мәжбүр боламын. Ол салық төлеуші америкалық компанияларға салынған әділетсіз айыппұлдарды жоюға мүмкіндік береді.
Егер Трамп шынымен де 301-бап бойынша тергеу ісін бастаса, автомобиль, шарап сияқты Еуропа өнімдеріне қарсы баж салығы салынуы мүмкін. Бірақ ЕуроОдақ АҚШ-тан қорықпайтынын және технологияларды реттейтін әлемдік көшбасшы бола алатынын дәлелдегісі келгендей.
Кори Крайдер, «Future of Technology Institute» талдау орталығының аға ғылыми қызметкері:
- Еуропа Трамп пен ірі технологиялық компаниялардың қысымына қарамастан заң үстемдігін қорғау бағытында маңызды қадам жасап, айыппұл салып отыр. Дегенмен, Google-дің монополиясын бұл компанияның бір бөлігін сатып алу арқылы ғана тоқтатуға болады деп ойлаймын.
Еуроодақ бүгінде технологиялық компанияларға айыппұл салумен ғана шектелмей, Apple, Meta және Microsoft сияқты алпауыттардан құрылымдық өзгерістерді, тіпті бизнесін бөліп беруді талап ете алады. Егер Google тиімді шешім ұсына алмаса, өз активтерінің бір бөлігін сатуы да мүмкін. Өткен жылы күшіне енген заң осындай пәрмен береді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Google-ға жарнама жүйесіндегі кемшілікті түзетуге немесе бизнесінің бір бөлігін сатуға 60 күн уақыт беріліп отыр. Айтпақшы, айыппұл көлемі қомақты болғанымен, екінші тоқсанда 24 миллиард еуро пайда тапқан компания 3 миллиардты шыбын шаққан құрлы көрмесі анық.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы