15 қыркүйектен бастап Қазақстанда стоматологиялық қызметтерді төлеу үшін зейнетақы жинағын пайдалануға өтінім қабылдау уақытша тоқтатылады . Бұл шектеу бір жылдай уақытқа созылады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қашанға дейін тоқтатылады?

"Отбасы банк" тіс емдеуге өтініш беру кезінде БЗЖҚ қаражатын мақсатсыз пайдалану әжне құжаттарды қолдан жасау деректері анықталғанын мәлімдеді.

Осы мәселеге байланысты бірқатар жиын өткізіліп, нәтижесінде 15 қыркүйектен бастап 2026 жылғы 15 сәуірге дейін enpf-otbasy.kz платформасында тіс емдеуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылған.

"Осы күнге дейін берілген өтініштер әдеттегі тәртіппен қаралады", — деді банк өкілдері.

Осы уақыт аралығында банк мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тіс емдеуге зейнетақы ақшасын пайдалану барысында алаяқтық әрекеттердің алдын алу үшін тиімді жүйе әзірлемек.

Тіс емдеуге қанша зейнетақы қаржысы жұмсалды?

2021 жылдан 2025 жылғы 20 тамызға дейін Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек "Стоматологиялық қызметтер" бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалған.

Соның 222,61 млрд теңгесі ТОП-20 стоматологиялық клиникаға түскен. Бұл клиникалардың жартысы Атырауда, қалғандары Алматы мен Астанада орналасқан.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget