Бүгін елордада Қазақстандық киноның болашағына жаңа тыныс сыйлайтын Unico Play ұлттық стримингтік платформасының ресми тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Astana Music Hall сахнасында өткен салтанатты кешке шығармашылық индустрия мен ақпарат құралдарының өкілдері, мәдениет жанашырлары жиналды. Олардың барлығы бір арнаға тоғысып, қазақ киносының жаңа тынысын ашқан сәттің куәсі болды. Unico Play – жай ғана цифрлық платформа емес, ол ұлттық өнердің болашағын айқындайтын бастама, сандық ойын-сауықтың жаңа стандарты ретінде ұсынылды. Оның атауы да мәнді: Unique Content, яғни «қайталанбас мазмұн».
Платформаның басты мақсатына тоқталған Uni-Q Group бас продюсері Анар Жүнісова ұлттық мазмұнды әлемге танытуға басымдық берілетінін жеткізді.
«Біз Unico Play онлайн кинотеатрын жай ғана шығарып жатқан жоқпыз. Біз қазақстандық фильмдерді көріп, мақтан тұтуды әдетке айналдырып жатырмыз. Біз үшін миллиондаған адамдардың өз тілінде тарихты тануы, ал шетелдегі көрермендердің біздің мәдениетіміз туралы білуі маңызды», деді бас продюсер.
Жаңа сервис алғашқы күннен-ақ қолжетімділігімен ерекшеленді. Смартфоннан бастап Smart TV-ге дейін кез келген құрылғыдан көруге болады. Алғашқы айда жазылым тегін, кейін айына небәрі 999 теңге тұрады. Осы қарапайым қолжетімділіктің арқасында көрермен 10 мың сағаттан астам мазмұнға жол ашады.
Жобаның өндірістік әлеуетін айқындаған Uni-Q Group продюсері Дмитрий Гудумак бұл платформаны «шығармашылық лифт» деп атады.
«Бұл жобаны жүзеге асыруда біз аймақтық және жаһандық деңгейде контентті өндіру және тарату бойынша барлық тәжірибемізді пайдаландық. Біздің мақсатымыз – толыққанды өндіріс тізбегін құру – жас сценаристер питчиңінен және өзіміздің түпнұсқа сериалдарымыз бен фильмдерімізді түсіруден бастап контентті монетизациялауға және барлық нарықтарда авторлық құқықтарды қорғауға дейін. Бұл жас қазақстандықтар үшін «шығармашылық лифт». Олардың әлеуеті орасан зор, тек оны дамытуымыз керек», Дмитрий Гудумак.
Unico Play техникалық тұрғыда да заманауи үлгіге сай. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі интерфейс, 4K сапасы, офлайн режим, бес құрылғыға дейін бір жазылымнан қолдану мүмкіндігі және жасанды интеллектке негізделген жеке ұсыныстар отандық өнімді әлемдік деңгейдегі сервистермен теңестіріп тұр.
Ал Unico Play басшысы Дияс Досмұханбетов платформаның техникалық жетістіктерін ерекше атап өтті.
«Біз IT шешімдері бізге сырттан келеді деп ойлауға үйренгенбіз. Бірақ Unico Play керісінше дәлелдеді. Қазақстанда сапа мен мүмкіндіктері жағынан жаһандық ойыншылармен бәсекелесетін платформа құруға болады. Біз оны әзірлеу тобымыздың күшімен бір жылға жетпей орындадық», деді ол.
Платформада биылдың өзінде алты түпнұсқа сериал көрсетілмек. Тағы 23 жоба өндірісте тұр. Кітапхана қорында қазақ тіліндегі әлемдік премьералар, танымал түрік және кәріс сериалдары, отандық кино классикасы, жүзден астам телеарна, спорттық хабарлар мен қазақ тіліндегі балаларға арналған ең үлкен топтама бар.
Жобаның алғашқы инвесторларының бірі, кәсіпкер Тимур Турлов бұл бастамаға қатысты өз көзқарасын білдірді.
«Менің ойымша, бұл маңызды әрі қажет жоба. Мүмкіндіктерді тоқыратып қоймай, оларды дамытып, жастарды оқытуға бағыттайтын барлық кемел әрі дербес бастамалар қолдау мен жәрдемге лайық деп сенемін. Қазақ жері Netflix пен HBO деңгейінде жарқырауға лайық таланттарға толы. Біз олардың табысқа жетуі үшін бар күшімізді саламыз», деді ол.
Сонымен қатар, платформаны дамытуға «Дара» Президенттік бастамалар қоры мен өзге де жеке инвесторлар белсенді қолдау көрсетіп отыр. Бұл ұлттық жобаның мемлекет, қоғам және бизнес тарапынан үлкен сенімге ие болғанының айғағы.
Премьерадан кейінгі әсерімен бөліскен актёр әрі әнші Ақжол Пірімбетов Unico Play-дің қазақ киносы үшін тарихи бастама екенін айтты.
«Бүгін Unico Play платформасының ашылуы болды. Платформаның ашылғанына мен шын жүректен өте қатты қуаныштымын. Осы продакшнның бір фильміне түскеніме де қуаныштымын. Өйткені біз қазақ киносына үлкен үлес қосып жатырмыз. Қазақ киносын бүкіл әлем көріп жатса – бұл нағыз жеңіс. Бізге де жақсы, өзге елдердің киноларына түсіп, тәжірибе жинаймыз. Тіпті Оскар алуға кішкентай бір қадамдар қалған сияқты. Сол себептен біздің платформаны жүктеп, киноларымызды көріп қолдаңыздар», деді ол.