Алматы облысында қоқыс полигоны өртеніп, оны сөндіруге 108 адам мен 54 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алматы – Өскемен» автожолының 35-шақырымында, Алатау ауылы маңындағы «ADC TAZA ALEM» ЖШС-іне тиесілі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шықты. Жалпы аумағы 35 гектар болатын полигонның шамамен 10 гектар жерінде қоқыс жанған.

Қазіргі таңда тәулік бойы өртті сөндіру және рекультивация жұмыстары жүргізілуде. Қосымша шара ретінде «Терең Қара» каналынан 2000 метрлік өрт сөндіру рукавы арқылы мотопомпамен су беріліп отыр.

Қызыл жалынды ауыздықтауға Алматы облысының ТЖД – 65 қызметкер, 15 техника (6 автоцистерна, 1 лафетпен жабдықталған автоцистерна, 1 насосты рукавты автомобиль, 3 самосвал, 2 су тасушы көлік, 1 КШМ, 1 вахтовка) қатысуда.

Сондай-ақ, Алматы қаласының ТЖД – 17 қызметкер, 5 техника (4 автоцистерна, 1 АСОР) және 28237 әскери бөлімі (Ұзынағаш) – 7 қызметкер, 7 техника (1 бульдозер, 4 самосвал, 1 трал, 1 тиегіш) жұмыс істеуде.

Жергілікті атқарушы органдардың – 10 қызметкері, 19 техникасы (15 самосвал, 1 экскаватор, 1 тиегіш, 2 су тасушы көлік) тартылды.

Қазселденқорғау мекемесінен – 9 қызметкер, 9 техника (6 самосвал, 2 тиегіш) атсалысуда.

Мамандардың айтуынша, жағдай толық бақылауда. Оқиға орнында жұмыстар жалғасып жатыр.

Алматы облысы