Бокстан әлем чемпионатында алтын медаль иеленген Махмұд пен Төрехан Сабырханды жерлестері сән-салтанатымен күтіп алды. Шымкент әуежайында былғары қолғап шеберлерін туыстары мен жанкүйерлері қарсы алып, тарихи жеңісімен құттықтады.
Ұлт мақтанышына айналған ағайындылардың мерейін асырып, иығына шапан жапты. Байрақты бәсекеде бәсі биік түскен Ұлттық құрама жігіттері 4 алтын медаль ұтып алды. Ал бұрымды боксшылардың нәтижесін қосқанда Қазақстан жалпы командалық есепте топ жарды. Ең жылдам нокаут тіркеген Махмұд пен 19 жасында әлем чемпионы атанған Төрехан Сабырхан: «Әлемдік аренада елдің қолдауы ерекше жігерлендірді», — дейді.