Кейінгі үш жылда Абай облысында 65 медициналық нысан салынды. Олардың қатарында фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық бекеттер, дәрігерлік амбулаториялар және аудандық ауруханалар бар. Көпшілігі қолданысқа беріліп үлгерді. Жобалар «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Қарағайлы ауылында мыңға жуық тұрғын бар. Биыл мұнда ауданы 400 шаршы метр болатын жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Нысан заманауи құрылғылар және жаңа жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жоба құны — 450 млн теңге.

Бексұлтан Жексенаев, ҚАрағайлы ауылының тұрғыны:

- 3-4 жыл болды қирай бастады. Құлап қалған жоқ. Ал мынаған қарасаң, кәдімгідей жарқырап, көзді ұнататын ғимараттың бірі.

Башкөл ауылында да жаңа медициналық пункт ашылды. Бұған дейін дәрігерлер бұрынғы тұрғын үйде, уақытша емханаға айналған ғимаратта қызмет көрсеткен еді. Енді олар жаңа ғимаратқа көшті.

Сұңғат Назаров, Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылға 11 нысан белгіленген болатын. Оның 11-і қазіргі кезде аяқталып тұр. 9 нысанды біз денсаулық сақтау басқармасына бердік. Қазіргі кезде екеуінің құжаттары рәсімделіпосы айдың аяыған дейін берілетін болады.

Жасұлан Сәбитов, Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Тозған, ескірген, санитарлық нормаларға сәйкес келмегендіктен осындай медициналық нысандар ашылып жатыр. Сонымен қатар біз мына халықтың санына қарай, өйткені халықтың көбі қазір үлкен қалаларға, аудан орталықтарына көшіп отыр.Осы көрсеткіштерге байланысты осындай нысандар салынды.

Қазір жергілікті билік Бесқарағай ауданының үш ауылында жаңа медициналық пункт салуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірлеуде. Жоспар бойынша ғимараттар бір жылдың ішінде салынып, пайдалануға берілмек.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ботакөз Дәндібаева, Медет Өмірханов