UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі алғашқы ойында алматылық «Қайрат» Португалияның «Спортинг» клубымен кездеседі. Ойын қыркүйектің 18-нен 19-ына қараған түні, елорда уақытымен сағат 00:00-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сонымен қатар «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Еуропаның ең беделді клубтарымен сынға түседі. Қарсыластар қатарында «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Спортинг» (Португалия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр) және «Копенгаген» (Дания) бар. Алматылықтар барлығы сегіз ойын өткізеді: төртеуі өз алаңында, төртеуі сырт алаңда.

Турнирдің негізгі кезеңіне 36 команда қатысады. Бірінші тур 16 қыркүйекте басталып, сегізінші тур 2026 жылдың 28 қаңтарында аяқталады. Бұдан кейін плей-офф матчтары өтеді: 1/8 финал – наурызда, ширек финал – сәуірде, жартылай финал – сәуір соңында, ал шешуші ойын 30 мамырда ұйымдастырылады.

Естеріңізге сала кетейік, «Қайрат» бұл кезеңге дейін бірқатар қиын қарсыластарды жарыс жолынан шығарды. Алдымен словениялық «Олимпия» мен финляндиялық КуПС-ті, кейін словакиялық «Слованды» жеңіп, соңғы плей-оффта шотландиялық «Селтикті» пенальти сериясында тізе бүктірді. Осылайша алматылық команда алғаш рет топтық кезеңге жолдама алып отыр.