Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында көркем Бүркіт төбенің етегінде «Шығыс Салбурыны-2025» атты V мерейтойлық халықаралық фестиваль басталды. Оған Моңғолия, Ресей, Венгрия , Қырғызстан, Испания және басқа да елдерден қонақтар мен қатысушылар жиналды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шараның құрметті қонақтары қатарында Туризм және спорт министрлігінің мемлекеттік жаттықтырушысы Базарбек Күнтуған, Республикалық құсбегілер федерациясының вице-президенті Бағдатхан Мүптекеқызы, Моңғолиядан келген аңызға айналған бүркітші Айшолпан Нұрғайып және халықаралық этномәдени ұйымдардың өкілдері бар.
ШҚО әкімдігінің мәліметінше этноалаңда 30-дан астам киіз үйден құралған этноауыл тігілді. Мұнда шеберлік сабақтары, қолөнер көрмелері, сондай-ақ қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп жатыр: «Ашамайға мінгізу», «Беташар», «Тұсау кесу», «Қырқынан шығару», «Бесікке салу», «Сырға салу».
Фестивальдің басты оқиғасына – жыртқыш құстармен аң аулайтын құсбегілер сайысы жатады. Сонымен қатар, тазы жарысы, көкпар және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылған.