Апелляция алқасы блогер Ерболат Жанәбіловтің ісі бойынша шешім қабылдады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астананың апелляциялық соты Астананың әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды.

"Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысы өзгеріссіз қалдырылсын. Қаулы жарияланған сәттен бастап заңды күшіне енеді", — деді судья Жанна Нұрғалиева.

Осылайша сот алдыңғы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Енді Ерболат Жанәбіловтің ісі қылмыстық іс ретінде қайта саралануы мүмкін. Айта кетейік, блогердің жұбайы Эльмира Төлегеноваға қатысты шешім де өзгеріссіз қалды.

Дау қалай өрбіді?

Бұған дейін блогерлер Instagram-да 11 көлік ойнатылатынын жариялаған болатын. Шарты қарапайым көрінген, репост жасау ғана. Алайда 21 тамызда оқырмандар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесін көрген. Конкурсқа тек курсты сатып алғаннан кейін қатысуға мүмкіндік берілетіні белгілі болды. Бұл жұрт арасында наразылық тудырды.

Кейінірек Жанәбіловтер ұйымдастырған даулы конкурс сотқа жетті.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget