Сотталушы Перизат Қайраттың жұмысқа орналасу мәселесі бос жұмыс орнының болуына және оның кәсіби дағдысына байланысты шешіледі, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары — Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков айтты.
— Оның қабілетін тексеріп, мекемедегі бос жұмыс орнының болуын қараймыз. Егер ол сол талаптарға сай келсе, онда сотталушыны жұмысқа орналастыра аламыз, — деді министр орынбасары.
Оның айтуынша, Перизат Қайрат белгіленген карантиннен өтеді.
— Мекемеге келгеннен кейін оның қабілетін зерделейміз. Қай бөлімде бос жұмыс орны болса, соны ұсына аламыз. Тігін өндірісімен айналыса алады немесе мекеме ішіндегі шаруашылық бөлімде басқа да жұмыс істеуге мүмкіндігі бар, — деп түсіндірді Абай Қайырбеков.
Министр орынбасарының атап өтуінше, сотталушылардың жалақы мөлшері атқарған жұмыс көлеміне байланысты болады.
— Сотталушы ең төменгі жалақы алатыны анық, — деді министр орынбасары.