Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Хакім Абай мұрасы» атты тақырыптық-экспозициялық көрме ашылды. Тағылымды шара ұлы ойшылдың туғанына 180 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көрмені музей директорының міндетін атқарушы Сержан Саров ашып, ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік, қайталанбас туындылар қалдырған көрнекті ақынның шығармашылығы халқымыздың тағылымы мол, бай қазынасы екенін атап өтті.

Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, Жанғара Дәдебайұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Руда Зайкенқызы, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Бақытжан Меңлібекұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Ләйлә Мұсалы, Иран Ислам Республикасы Бас консулдығының мәдени атташесі Хоссейн Ағазаде Абай мұрасы туралы пайымды пікір айтып, хакімнің рухани қазынасы мәңгілік таусылмайтын тақырып екенін тілге тиек етті. Ғалымдар Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту мен насихаттау тек қазақ халқының ғана емес, жалпы түркі дүниесінің тарихи борышы екеніне ерекше тоқталды.6

Көрмеде Абай Құнанбайұлына қатысты қолжазбалар, кітап басылымдары және ол туралы жазылған шығармалар ұсынылды. Экспозицияда бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өз еңбегі деп танылған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысы, ақын шығармалары жинақталған Мүрсейіт Бікеұлының (1860–1917) қолжазбасы, Тұрағұл Абайұлының (1875–1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» атты қолжазбасы, сондай-ақ Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғлының өлеңі» атты ерекше басылым көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар көрмеден ақынның бейбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, інісі Ысқақтың бөрігін, кіші інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын, сондай-ақ ұрпағы Азат Әрхамұлы Ысқақов, Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-музейі мен Ә.М. Жиреншин тараптарынан құрастырылған Абай әулеті мен туыстары жөніндегі шежірелерді және бірнеше тың тарихи фотосуреттерді көруге болады.

Көрмеде хакімнің әулеті, балалық шағы, қоршаған ортасы мен өмірбаянын таныстыратын арнайы стендтер, фотоматериалдар мен мұрағат құжаттары қойылған. Атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, ақынның өз қолы қойылған құжаттар, 1903 жылы берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, кітаптар және ақын дәуірінің келбетін бейнелейтін жәдігерлер ерекше орын алды.

"Абайдың өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін әділеттілік пен адамгершіліктің, асқақ рух пен кемел парасаттылықтың жарқын үлгісі болып қала бермек. Оның ар ілімінде, қара сөздерінде адамша өмір сүрудің үлгі-өнегесі жатыр",- дейді Сержан Саров.