Қазақстандықтар риэлторлардың жұмысына жиі шағымдана бастаған. Азаматтар жоғары комиссияларға және біржақты келісімшарттарға наразы. Сарапшылардың пайымдауынша елде 30 мыңға жуық риэлтор бар. Алайда олардың тек 30%-ы ғана ресми тіркелген. Қалғандары кәсіпті көлеңкелі жолмен жүргізеді.

Үй сатамын деп, соттан бір-ақ шықты. Бұл бас қалада болған оқиға. Салтанат 1,5 жыл бұрын астанадағы үйін сатуға қойып, риелторлар қызметіне жүгінген. Агенттік өкілдері үш айға келісімшарт жасап, кейіпкерімізге көмекстесеміз деп келіскен. Алайда одан еш нәтиже шықпады. Келісілген уақытта мамандар пәтерді сата алмаған соң, Салтанат риелторлық қызметтен бас тартып, мекеме басшысына қолхат жазды. Осылайша арадағы келсімшартты бұзғандай болады. Арада үш апта өткен соң пәтерін өзі сатып, іс енді ғана жайланғанда агенттіктен тағы хабар келген. Риелторлар көрсетілмеген қызмет үшін кейіпкерімізді сотқа беріп, ақша төлеуді талап еткен.

Салтанат, қала тұрғыны:

- Келісімшарт бұзылғаннан кейін де 30 күн ішінде мен үйді сата алмайды екенмін. Сол жерде жазылған екен. Мен оны түсінбегенмін. Сөйтіп олар маған сотқа дейінгі шағым жібереді. Мен адвокат жалдаймын. Өйткені бұл барып тұрған заңсыздық деп ойлаймын. Мен өз үйімді өз күшіммен сатамын. Олар үйді сатқан жоқ. Олардың қолында кілт болған жоқ. Мен олармен келісімшарт бұзамын деген хат жіберемін. Бір жылдың көлеміндей бізде сот процесі өтеді. Ең аяғында мен ұтыламын. Өйткені келісімшартта барлық келіспеген жағдайларды арбитраждық сот қарайды деген пункт болған. Мен сол соттан жеңілдім. Олардың барлық айыппұлын төлеуге тура келді. Өйткені олар менің картамды блокқа қойды.

Бұл бір ғана мысал. Шын мәнінде риелторлардың заңсыз әрекетінен зардап шеккендер көп дейді кейіпкеріміз. Оның ішінде баспананы сатушы да, сатып алушы да бар. Көпшілігі риелторлармен эксклюзивті келісімшарт жасап, арбитражды соттан жеңіліп қалған. Депутат Олжас Құспековтың пікірінше, бұл салаға тиісті бақылаудың болмауы осындай жағдайларға әкеліп отыр. Айта кету керек, елімізде риелторлар лицензиясыз да қызмет ете береді. Олар екі жақтан ақы алады. Ал комиссия мөлшерін өздері белгілейді.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда риелторлардың нарықтағы жұмысы реттелмеген. Олар заңсыз ортада жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл жерде әртүрлі алаяқтық фактілер болып жатыр. Сатып алушы немесе жалға алушы азаматтар алданып жатыр. Бұл саланы заңнамалық түрде реттеу қажет. Ең біріншіден, азаматтарымыздың, сатып алушылардың құқықтарын қорғау мақсатында. Бүгінгі таңда егер риелторлар құқық бұзушылық жасаса, біз мемлекеттік сотқа емес арбитраждық сотқа жүгінеміз. Алайда арбитраждық сот қаражаттың барлығын риелторлық агенттіктерден алып отырғандықтан солардың құқықтарын қорғайды.

Депутат риелторлардың жұмысын реттеу үшін бірыңғай ұлттық реестр керек деп есептейді. Реестр салада жұмыс істегісі келетіндердің кәсіби біліктілігін тексеріп, тіркеумен айналысады.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Риелторлардың ұлттық реестрі құрылу керек. Оған кірген кезде риелторлар міндетті түрде өздерінің білімдерін, сотталмағанын, алаяқтық фактісіне ілінбегенін, барлығын дәлелдеп содан кейін ғана кіру керек. Одан кейін 3-4 жыл сайын аттестациядан өту керек. Тек қана сол жағдайда ол риелторлар нарықта жұмыс істей алатын рұқсат алу керек. Сол арқылы риелторлар нарығын тазалап өтеміз.

Қазір осы кәсіппен айналысатындар 2020 жылы сауда министрлігі шығарған риелторларға қатысты стандарт бойынша жұмыс істеп жатыр. «Сондықтан саланы мемлекеттік реттеу маңызды», — дейді заңгер Нұрлан Жаңабаев. Ол мұндай шаралар азаматтардың құқығын қорғап, нарықта кәсіби білікті кадрлар қалуына сеп болады деген сенімде.

Нұрлан Жаңабаев, заңгер:

- Бізде қазіргі уақытта риелторлардың жасырын комиссиясы өте көп. Оны ешкім білмейді. Тұтынушылардың құқығы қорғалмаған ешқайжерде. Ештеңе істей алмайды. Мысалы, АҚШ мемлекетінде әрбір штаттарда риелторларға өз ұсыныстары мен талаптары бар. Ол жақта риелтор болу үшін адам бір курс өтеді. Бірнеше курс өтеді. Курстан кейін сертификатын алып шығады. Содан кейін риелторлар тізіміне енгізіледі. Содан кейін барып жұмыс істейді. Ол ақпарат ашық көрсетілген.

Айта кету керек, мамандықтардың ұлттық классификаторында «риелтор» деген бағыт жоқ. Демек нарықта бар мамандар арнайы білім алмайды. Сондықтан Қазақстанның риелторлар қауымдастығы кәсіптің осы түрін орта білім беру бағдарламасына қосу керек деп есептейді.

Лариса Степаненко, Қазақстанның риелторлар қауымдастығының президенті:

- Қауымдастығымыздың бірнеше жылдан бері «Риелтор» мамандығын Ұлттық классификаторға қосу үшін негіздеме жазып келеді. Бұл тізім бес жылда бір жаңартылады. Сондықтан «Риелторлардың жұмысын реттейтін» заң жобасы осы мәселені де шешуге көмектеседі деген үміттеміз. Әзірге қауымдастық риелторларды оқытады. Ұйым базасында «Жылжымайтын мүлік академиясы» бар. «Риелторлар мектебі» бар. Тіпті аттестацияны да өзіміз жасап шығардық. Салада сапалы қызмет көрсетіп, кәсіби деңгейде жұмыс істегісі келетіндер сол тестілеуден өтеді.

Қазақстанның риелторлар қауымдастығы да қызметті реттеуді қолдайды. Нарықта құжаттар мен мүлікке қатысты мәселелерді реттейтін мамандарға сұраныс бар», — дейді қауымдастық өкілдері. Алайда әзірге риэлторлардың шамамен 70%-ы көлеңкеде жұмыс істеп жүр.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Гүлнар Тұрсынова, Марат Диханбаев