Қытайда инфлюенсерлер үшін талап күшейді.
Енді оңды-солды кеңес таратып, ақыл айту жоғынан. Медицина, қаржы, құқық немесе білім саласындағы тақырыптарды талқыға салу үшін біліктілігің барын дәлелдеуің қажет. Ал кәсіби білімің, тиісті диплом не лицензияң болмаса, қандай да бір ақпарат жариялап, ұсыныс айтуға тыйым салынады.
Бұдан былай қытайлық ірі интернет-платформалар авторлардың құжаттарын тексеруге міндеттелді. Жарияланған ақпараттарды тексеріп, онда дереккөздер мен зерттеулерге сілтеме көрсетілгенін қадағалауға тиіс. Талапқа сай емес контент өшіріледі. Ал жаңа ережелерді елемеген блогерлер 100 мың юаньға дейін айыппұл арқалайды. Бұл шамамен 14000 доллар.
ЦИТАТА: Қытайдың киберкеңістік әкімшілігінің баспасөз қызметі
Жаңа талаптардың мақсаты – ақпараттардың шынайылығын қамтамасыз ету. Қате мағлұмат тарату мен қауіпті ұсыныс берудің алдын алу. Өйткені сөзі өтімді блогерлерге аудитория көзсіз сенеді.
Қытайдың киберкеңістік әкімшілігі сондай-ақ медициналық тауарлар мен түрлі тағамдық қоспалардың жарнамасына тыйым салды. Бастама әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бірі заңды қолдаса, енді бірі биліктің бұл қадамын сөз бостандығын шектеу деп атады. Заңды өзге елдер де қабылдауға тиіс дегендер де бар.
ЦИТАТА 1 (ИНСТАГРАМ): Мұндай заң АҚШ-та да қабылдануы тиіс. Жеткілікті білімің болмай тұра қате, жалған ақпарат тарату сөз бостандығы емес. Мыңдаған оқырманы бар блогер көпшілікке зиянын тигізсе, бұл оның жеке ісі емес. Кәсіби маман ретінде маған артылған жауапкершілік жоғары. Шалыс бассам, лицензиямнан айырыламын. Ал блогерлер оп-оңай сытылып кетеді. Ойландыратын дүние.
ЦИТАТА 2 (ИНСТАГРАМ): Қағаз жүзінде керемет екен әрине. Бірақ диплом қандай да бір саладан хабардар болудың жалғыз жолы емес.
ЦИТАТА 3 (ИНСТАГРАМ): Мен сөз бостандығын қолдаймын. Алайда өзін өзі сарапшы санайтын блогерлер ақыл-кеңес, ұсыныстары арқылы денсаулыққа зиян келтіріп жатыр. Лицензиясыз медицина, психология, физиотерапиямен айналысуға болмайды.
Заң 25 қазан күні күшіне енді. Қытайдағы бұл бастама саладағы ең қатал заңдардың бірі болғанымен, әлемнің бірқатар елінде мемлекет блогерлердің қызметін реттеуге араласады.
Мәселен, Испанияда былтыр «Инфлюенсерлер туралы заң» қабылданды. Соның аясында жылына 300 000 еуро табыс табатын және 1 млн-нан артық оқырманы бар контент жасаушылардан тіркеуден өтіп, жарнама жасауда қатаң ережелерді сақтау талап етіледі.
Мөлдір Жақан