Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева WTT Feeder Istanbul турнирінде қола медаль жеңіп алды.


Қазақстандық үстел теннисшілері Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен WTT Feeder Istanbul халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отандастарымыз аралас жұптық бәсекеде сәтті өнер көрсетіп, бірнеше мықты қарсыласты жарыс жолынан шығарды. Қазақстандық жұп алғашқы кездесуде Түркия спортшылары Хакан Ышық пен Өзге Йылмазды 3:2 есебімен жеңді. Кейін Канада өкілдері Эдвард Ли мен Мо Чжанды 3:0 есебімен айқын басымдықпен ұтты.

Ширек финалда Алан Құрманғалиев пен Зәуреш Ақашева Грекия жұбы Анастасиос Риниотис пен Элисавет Терпудан 3:1 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшылары Чхве Дживук пен Ким Ынсоға 1:3 есебімен есе жіберді.

Осылайша қазақстандық үстел теннисшілері халықаралық турнирді қола медальмен аяқтады.