
Әнші әрі актриса Зарина Кармен Threads әлеуметтік желісінде жариялаған жазбасынан кейін көпшіліктің сынына қалды. Өнер иесінің «жалған патриотизм» туралы пікірі желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Зарина Кармен Threads парақшасында:
«Жалған патриотизмнің иісі аңқып тұр тредсте», – деп жазған.
Алайда актриса жазбасында нақты бір адамның есімін атамаған және оның кімге бағытталғанын түсіндірмеген.
Соған қарамастан, желі қолданушыларының бір бөлігі бұл сөзді қазақша атаулар мәселесін көтеріп жүрген азаматтарға қатысты айтылған пікір ретінде қабылдады. Соның нәтижесінде өнер иесінің жазбасы сынға ұшырады.
Қоғамдық сыннан кейін Зарина Кармен тағы бірнеше жазба жариялап, өзінің не айтқысы келгенін түсіндірді.
«Мен қайсыбіріңізге тиіп, «сен, сен» деп нұсқап, біреуді жеке айыптадым ба? Менің айтқаным осындай мәселелерді пайдаланып, түрлі жолмен охват жинап, қаралым қуатын адамдар туралы. Өйткені ондайды көрдім, оқыдым. Көргенімді, байқағанымды ғана айттым», – деді актриса.
Оның айтуынша, жазба қоғамдағы өзекті мәселелерді әлеуметтік желіде қаралым жинау үшін пайдаланатын адамдарға бағытталған.
Сонымен қатар өнер иесі ойын дұрыс жеткізе алмаған болуы мүмкін екенін мойындады.
«Көбіңіз «ойыңды дұрыс жеткізсеңші» деп жазып жатырсыздар. Иә, мүмкін, ойымды жалпылама жеткізген шығармын. Оны да түсінемін. Бірақ бұл менің айтқым келген ойымды жоққа шығармайды ғой», – деп жазды ол.
Зарина Кармен қоғамдағы мәселелерге шынайы алаңдап, оң өзгерістерге үлес қосып жүрген адамдарға құрметпен қарайтынын жеткізді.
Сондай-ақ ол желі қолданушыларын пікір білдіру кезінде әдеп сақтауға шақырды.
«Келіспеуге болады, сынауға да болады, бірақ адамдық шекарадан аттап өтпейікші. Сөздің де сұрауы бар», – деді актриса.
Оқи отырыңыз: Алматы көшелерінің қазіргі атауын айтудан бас тартқан блогердің үстінен шағым түсті
Дереккөз: Курсив · Рауан Мутаир




