Танымал блогер Мөлдір Анарбаева балаларға арналған төлемақы мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, балаларды алалауға болмайтынын айтып, кейбір шешімдердің жас отбасыларға кері әсер етуі мүмкін екенін жеткізді.
«Балаларды алалауға болмайды! Бәрін қойып, балалардың ақысына қол сұғу – барып тұрған әділетсіздік. Бұл жерде миға қонымсыз әрекеттер көп, мен соның бір парасын ғана айттым. Сіз бұл заңды естіген болсаңыз, не ұқтыңыз? Жаза кетіңіз! Онсыз да тууға ойланып жүрген жас отбасыларға жығылғанға жұдырық болғалы тұр…», – деп жазды блогер.
Желі қолданушылары да блогердің пікіріне үн қосып, балаларға берілетін жәрдемақыға қатысты алаңдаушылықтарын білдірді.
«Өте дұрыс айттың, құлыным! Басқа-басқа, балаға берілетін пособиеге тиіспеу керек еді», «Біреу сыйлыққа көлік берсе де, өз атына жазуға қорқып отыратын болды ғой, жәрдемақы ала алмай қаламын деп», – деп пікір білдірді тағы бір қолданушы, «Осы жоғарыда отырғандар қандай мимен, қандай баспен ойлайды екен? Қалай балалардың ақысына кіреді?», «Рас айтып отырсыз! Қаншама отбасын көріп жүрміз! Оңай емес. Онымен қоймай, қымбатшылық ай сайын өсіп жатыр!» – деп жазды көпшілік.
Дереккөз: Skif News · Сағыныш Назар




