Жыл сайын 17 мамырда бүкіл әлемде Дүниежүзілік артериялық гипертониямен күрес күні атап өтіледі. Оның мақсаты – халықтың артериялық қысымның жоғарылауының қауіптері, инфаркт, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырлары асқынуларының алдын алу туралы хабардарлығын арттыру, деп хабарлайды Egemen.kz.


Артериялық гипертония әлем бойынша мерзімінен бұрын болатын өлімнің, мүгедектіктің және созылмалы аурулардың дамуының негізгі себептерінің бірі болып қала береді. Артериялық қысымның жоғары болуы миокард инфарктінің, инсульттің, созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің, созылмалы бүйрек ауруының және тамырлық деменцияның негізгі қауіп факторларының бірі саналады.

Гипертонияның қауіптілігі – ауру ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан оны жиі «үнсіз өлтіруші» деп атайды. Осыған байланысты артериялық қысымды бақылау бүгінде қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды міндеттерінің бірі ретінде қарастырылады.

Qalqan: Жаңа технология МӘМС-ті қалай өзгертеді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдік бейінінің деректеріне сәйкес, Қазақстандағы ересек тұрғындардың арасында артериялық гипертонияның таралу деңгейі шамамен 42%-ға жетеді, яғни елдегі әрбір екінші ересек адамның артериялық қысымы жоғары.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда артериялық гипертония диагнозымен 1 776 876 пациент диспансерлік есепте тұрған. Бұл мәселенің ауқымын және денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің жоғары екенін қосымша көрсетеді.

Елімізде қанайналым жүйесі ауруларының алдын алу және оларды ерте анықтау бойынша кешенді шаралар жалғасып жатыр. Скринингтік бағдарламалар медициналық-санитариялық алғашқы көмек деңгейінде артериялық гипертонияны анықтау мен уақтылы диагностикалаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

МӘМС шеңберінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесі де маңызды рөл атқарады. Ол артериялық гипертониясы бар пациенттерді қолжетімді дәрілік терапиямен және тұрақты диспансерлік бақылаумен қамтамасыз етеді.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанда қанайналым жүйесі аурулары бойынша сырқаттанушылық көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қанайналым жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық көрсеткіші 5,5%-ға төмендеді, ал осы аурулардан болатын өлім 100 мың тұрғынға шаққанда 148,8-ді құрады.

Сонымен қатар денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндеттерінің бірі – артериялық қысымды бақылау тиімділігін арттыру, емге бейілділікті қалыптастыру және халық арасындағы қауіп факторларын төмендету болып қала береді.

Денсаулық сақтау министрлігі артериялық қысымды тұрақты түрде өлшеу, дәрігерге уақтылы қаралу, салауатты өмір салтын ұстану және тағайындалған емді үздіксіз қабылдау ауыр жүрек-қан тамырлары асқынулары мен мерзімінен бұрын болатын өлім қаупін едәуір төмендетуге мүмкіндік беретінін ескертеді.