Жыл басынан бері 140 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылды.


Жыл басынан бері Қазақстанда 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартылды. 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 101,3 мың адам түрлі бағдарламалармен қамтылып, 140,8 мың қазақстандық жұмысқа орналастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мемлекет халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге бағытталған кешенді шараларды жалғастырып келеді. Бұл жұмыстар өңірлік жұмыспен қамту карталары, ұлттық жобалар және мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда.

Негізгі бағыттардың бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру. Қазіргі уақытта мұндай жұмыс орындарына 50,6 мың адам жіберілген. Оның ішінде 37,6 мың адам қоғамдық жұмыстарға, 5,4 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 2,7 мың жас маман жастар практикасына, ал 4,9 мың адам "Күміс жас" жобасы аясында еңбекке тартылды.

Сонымен қатар жұмыссыз азаматтардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Онлайн оқумен 31,7 мың адам қамтылып, олардың 25,1 мыңы оқу курстарын аяқтап, сертификат алды.

"Бастау Бизнес" жобасы аясында да кәсіпкерлікке баулу жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 16,9 мың адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 7,3 мыңы оқуын аяқтаған.

Жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес 2 119 адам кәсіптік оқуға жіберілді. Сонымен бірге мансап орталықтарында 142,8 мың азаматқа кәсіптік бағдар беру және консультациялық қызмет көрсетілген.

2026 жылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша 140,8 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның 50,6 мыңы – жұмыспен қамту шаралары арқылы, 48,3 мыңы – Электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындарына, 40 мыңы – "10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны" бастамасы аясында, ал 1,9 мыңы мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалар шеңберінде еңбекке тартылған.

Бұдан бөлек, биыл әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде, яғни 1 730 000 теңгеге дейін 9 мың мемлекеттік грант беру жоспарланып отыр.

Жұмыспен қамту шаралары еліміздің барлық өңірінде жалғасып, халықтың тұрақты табысын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған.