Ұйым сарапшылары Конгода Эбола өршуін әлемдік қауіпке балап отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Конго демократиялық республикасында Эбола вирусының қайта өршіп келе жатқанын ескертіп, әлемде жаңа жаһандық пандемия қаупі барын мәлімдеді. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында жазылған.
ДДСҰ сарапшыларының айтуынша, әлем пандемиялар алдында әрдайым әлсіз. Он жыл бұрын Эболаның өршуі мен COVID-19 пандемиясы бұған дәлел.
ДДҰ мен Дүниежүзілік банк құрған тәуелсіз мониторинг органының жаңа баяндамасында жұқпалы аурулардың өршуі жиілеп қана қоймай, олардың салдары да ауырлап бара жатқаны айтылған. Бұл денсаулық сақтау жүйесіне, экономикаға, саясат пен қоғамға кері әсерін тигізіп, елдердің қалпына келу қабілетін төмендетіп келеді.
Соңғы деректер бойынша, Конгоның Итури провинциясында Эбола вирусынан 80-ге жуық адам көз жұмды. Эбола – адам мен приматтарға жұғатын, көбіне өлімге әкелетін аса қауіпті инфекция. Жұқпалы вирус Конгоның астанасы Киншасаға және көршілес Угандаға да таралған. Уганда астанасы Кампалада да вирус жұқтыру жағдайлары тіркелді.
Алайда ДДСҰ болжамынша, індеттің нақты ауқымы анықталған көрсеткіштерден әлдеқайда кең болуы ықтимал. Бұған түсініксіз өлім жағдайлары, тест нәтижелерінің жоғары оң көрсеткіші және жұғу жолдары туралы нақты деректердің болмауы себеп. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері арасында төрт өлім тіркелуі ауруханалардағы инфекциялық бақылау шараларының жеткіліксіздігін көрсетеді.
Сондай-ақ, ұйым сарапшылары қазіргі өршуді тудырған вирусқа қарсы бекітілген ем немесе вакцина жоқ екенін де атап өткен. Олардың пікірінше, өңірдегі тұрақсыздық, гуманитарлық дағдарыс, халықтың жоғары мобильділігі және бейресми медициналық мекемелердің көптігі індеттің одан әрі таралу қаупін күшейтіп отыр.
Оқи отырыңыз:
- Коронавирус пандемиясынан кейін биоқауіпсіздік мәселесі өзекті бола түсті. Сарапшылар пікірі
Covid пандемиясынан кейін әлем экономикасы енді ғана тұрақтанып келеді – Дүниежүзілік банк