Биыл балалы отбасыларға 1,7 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Қазір елде 2 миллионға жуық жанұя түрлі жәрдемақылар мен төлемдер алады. Жыл басынан бері оның мөлшері 6,5%-ке өсті. Бала туғанда төленетін біржолғы төлемақы 149 мыңнан 247 мыңға дейін ұлғайды. Бір жарым жасқа дейін бала бағып отырған жұмыс істемейтін әйелдерге бюджеттен 14,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Ал, жұмыс істейтін әйелдер мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алады. Жүктілік және босану бойынша біржолғы жәрдемақының орташа мөлшері 1,6 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ бала күтімі бойынша ай сайын орта есеппен 85 221 теңге төленеді. Одан бөлек, көпбалалы отбасыларға да жәрдемақы қарастырылған. Жыл басынан бері 33,7 млрд теңге сомасына 111,7 мың мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетілді.