Олардың әреккеттерінен адамдар бос жұмыс орындарына іліге алмаған.
Жетісу облысының прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау және жасырын жұмыссыздықты жою бағытындағы жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік саланы мониторингілеу барысында бос жұмыс орындарын жариялаудан жалтарған жұмыс берушілердің қызметінен елеулі заң бұзушылықтар анықталды.
Қаратал ауданы прокуратурасының талдауы бірқатар кәсіпорындардың Әлеуметтік кодекс талаптарына қарамастан, бос лауазымдар туралы мәліметтерді Электрондық еңбек биржасында белгіленген мерзімде жарияламағанын көрсетті. Нәтижесінде еңбек нарығының ашықтық қағидаттары бұзылып, ондаған маманның дер кезінде жұмыс табуына кедергі келтірілген.
Прокурорлық қадағалау актісін қарау қорытындысы бойынша 29 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қадағалау органының араласуы бос жұмыс орындарын "көлеңкеден" шығарып, еңбек нарығын нақты ұсыныстармен толықтыруға мүмкіндік берді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде аудан бойынша 100-ден астам жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде пробациялық бақылауда жүрген және алимент бойынша берешегі бар 15 адамның еңбекке тартылуы ерекше маңызға ие болды.
Прокуратура мұндай шаралар азаматтардың еңбек ету құқығын қорғауға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталғанын атап өтті.