Полиция тергеу жүргізіп жатыр.


Әлеуметтік желіде алматылық жігіттің кинотеатрға барғаннан кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол попкорнға қақалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қайғылы оқиға туралы ақпарат Телеграм арналардың бірінде пайда болды. Онда 17 мамыр күні жігіттің бұрынғы сыныптасымен бірге кинотеатрға барғаны туралы айтылған.

"Сеанс басталар алдында жігіт попкорн сатып алып, кейін соған қақалып қалған. Туыстарының айтуынша, жігіт дәретханада құсқан. Осыдан кейін ол өзін жақсы сезінетінін айтып, танысымен бірге кинозалға кірген. Алайда біраз уақыттан соң тамағы жыбырлап тұрғанын және өзін нашар сезіне бастағанын айтқан. Кейін "жүрегім қысылып тұрғанына" шағымданып, танысына сырт киімін бергеннен кейін есінен танып қалған. Оқиға куәгерлері дәрігерлер келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады", – делінген бейресми ақпаратта.

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша түсінік берді.

"Бостандық аудандық полиция басқармасына қарасты полиция бөлімі аталған факті бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады жергілікті полиция.