2029 жылға дейін АӨК-ті қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен өзгереді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі 2029 жылға дейін агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) субъектілерін тауарлық субсидиялаудан жеңілдетілген кредиттеуге кезең-кезеңімен көшіру мәселесі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобының отырысын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, қаржы институттарының, салалық бірлестіктер мен бизнес өкілдері қатысты.
"Бюджет қаражатының тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету мақсатында субсидияларды оңтайландыру жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Өткен жылы селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстарға берілетін субсидиялар, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға арналған кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау тоқтатылды.
Сонымен қатар АӨК-ті жеңілдетілген кредиттеу көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілді.
АӨК субъектілеріне көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына, қайта өңдеу кәсіпорындары мен мал шаруашылығына жылдық "таза" 5%-бен жеңілдетілген несие және лизинг алуға мүмкіндік беретін баламалы қаржылық құралдар енгізілді.
Өткен жылы жеңілдетілген кредиттеудің жалпы көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті. Биыл да бұл тәжірибе жалғасады", – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Отырыс барысында АӨК-ті мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шараларына, Министрліктің ФАО-мен бірлесіп жүргізген субсидиялау жүйесінің тиімділігі бойынша талдау нәтижелеріне, сондай-ақ тауарлық субсидияларды жіктеу мен қолданудың халықаралық тәжірибесіне назар аударылды.
Қатысушылар тауарлық қолдаудан жеңілдетілген кредиттеуге көшу жолдарын талқылап, саланы қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстарды ортаға салды. Сонымен қатар саланың тұрақтылығын, инвестициялық белсенділікті, қайта өңдеу саласын дамыту мен ішкі нарықты қамтамасыз ету мәселелерін ескере отырып, кешенді әрі теңгерімді тәсілдің қажеттігі атап өтілді.
Барлық ұсыныстар бизнес, салалық қауымдастықтар және сарапшылар пікірлерін ескере отырып, жұмыс тобы аясында одан әрі пысықталатын болады.