Қазір кешенді зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектептерде смартфон пайдалануға қатысты ортақ ұстаным ереже арқылы бекітілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазір Сенатта заң қаралып жатыр. Аталған заңның аясында енді Оқу-ағарту министрлігі ортақ ұстанымды ереже арқылы бекітеді. Бұған дейін смартфонды қолдануға қатысты мәселені әрбір мектеп жеке өзі шешетін. Кейбір жоғары сыныптарда олар ресурстарды пайдалану үшін рұқсат алатын. Ортақ ұстанымның болмағаны рас. Енді 2026-2027 оқу жылында нақты бір ортақ ұстанымды енгіземіз. Қазіргі таңда кешенді зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп жауап берді Жұлдыз Сүлейменова журналистердің сауалына берген жауабында.
Министрдің пікірінше, 9 сыныпқа дейін балалар үшін экран уақыты сияқты әлемдік норматив негізге алынады.
"10-11 сыныптарда көптеген ресурстар смартфонға байланған. Онда да уақытты қарастырамыз деп ойлаймын. Ал 1-9 сынып аралығында тек қана сабақ барысында смартфонды қолдануға байланысты нақты норматив енгізілетін болады", – деді ол.
Тілшілер толық шектеу болуы мүмкін бе деп нақтылады.
"Бұл толық шектеу емес, өйткені баланың қауіпсіздігі, ата-анасымен байланыс үшін смартфон қажет. Бірақ біз оны сабақ барысында пайдалану ережесін енгізуіміз керек. Соның аясында академиялық адалдық принципі қажет болады. Бұдан бөлек онлайн платформалар туралы заңға өзгерістер талқыланып жатыр. Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асыруда. 16 жасқа дейін балалардың әлеуметтік желіде аккаунт ашуына қатысты норма қаралып жатыр", – деп түсіндірді ведомство басшысы.