Ресейдің Забайкалье өлкесінде орман өрті ырық берер емес. Тілсіз жау шарпыған аумақ бір миллион гектардан асып кетті. Қазір өңірде 60-тан аса өрт ошағы тіркелген. Солардың 13-і елді мекендерге жақындап қалған.
Өңірде сәуірде федералдық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланған. Тілсіз жаумен күреске құрғақ ауа райы мен желдің екпіні кедергі келтіріп жатыр. Мамандар орман өртіне көп жағдайда адамдар кінәлі екенін айтады. 6 қылмыстық іс қозғалған. Билік отты қасақана қойғандардың есімін жария еткендер үшін сыйақы тағайындады.
Көршілес Бурятияда да орман өрті өршіп тұр. Мамандар қос өңірде жаздың ортасына дейін өрт қаупі жоғары болатынын ескертеді.