Оңтүстік Кореяның танымал оқу орнында алғаш рет домбыра үйрететін қосымша курс ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Қазақтың ұлттық аспабымен Хангук шет тілдер университетінің студенттері танысып жатыр. Оны ашу идеясын осы жоғары оқу орнының оқытушысы, Қазақстанның Сеулдегі бұрынғы елшісі Дулат Бәкішев ұсынған. Сабақтар қалай өтеді және қандай әндер үйретіледі?
Домбыра факультативінде студенттер аспапта ойнауды ғана үйренбейді. Шетелдік студенттер аптасына екі сағат Қазақстанның тарихы және мәдениетімен танысады. Сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Кореяға келген Қазақ ұлттық университеті студенттерімен тілдік тәжірибеден өтеді.
Ақсәуле Шамсутдин, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті:
- Қазақ тілі мен корей тілінің грамматикасы өте ұқсас және де көбінесе бізде алфавит жағынан қиналады. Ал былай сөйлемді аударған кезде немесе өздерінің ойларын жеткізген кезде қазақ тілінде сөйлем құрау өте оңай.
Қазір Хангук университетінде қазақ тілін шамамен 40 студент оқиды. 8-і домбыра курсына қатысады. Олардың үйрене бастаған алғашқы әні – «Еркем-ай».
Ким Ен Чжу, Хангук шет тілдер университетінің студенті:
- Маған домбыра ұнайды. Домбыра әдемі және қызық.
Им Дже Вон, Хангук шет тілдер университетінің студенті:
- Сәлем! Менің корей атым Дже Вон. Мен 21-демін. Мен Пусанда тұрамын.
Домбыра факультативін ашуды Хангук университетінің басшылығына осы оқу орнының оқытушысы, дипломатия саласында 22 жыл қызмет еткен Дулат Бәкішев ұсынған. Университет басшылығы оның бастамасын бірден қолдады. Тәжірибелі дипломат өзі 80-ші жылдары туған жері Орал қаласындағы Нұрпейісова атындағы музыкалық мектепті бітірген.
Дулат Бәкішев, Хангук шет тілдер университетінің профессоры:
- Бұған да біздің университет басшылығы қөңіл бөліп, қазақ тілін, өзбек тілін, моңғол тілін Еуразиядағы стратегиялық тілдер деп белгілеп, бұл бағдарламаға аздаған қаражат бөліп, біздің мәдениетімізді көтеріп, сыйлап, біздің студенттерге осындай мүмкіндік жасап отыр.
Қазір үйірмеде 5 домбыра бар. Оның үшеуі – «Отандастар» қорының сыйы. Профессор Бәкішев халқымыздың киелі аспабында ойнағысы келетін корейлер саны арта түсетініне сенімді. Оның арманы – студенттерге күйлер үйретіп, университет жанынан қазақ ұлттық аспаптар оркестрін құру.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян