Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау аяқталды.

Экзит-пол нәтижелері бойынша оппозициялық кандидат Ли Чжэ Мён алда келеді.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда президенттік сайлау жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 6-да басталып, кешкі 8-де аяқталды. Сайлау учаскелеріне дауыс беру құқығы бар азаматтардың 79 пайыздан астамы келді. Бұл соңғы 28 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Елдегі ең жоғары мемлекеттік лауазымға бес кандидат таласты. Бірақ бұған дейін жарияланған қоғамдық пікір сауалнамалары үш негізгі үміткердің ғана алда екенін көрсеткен еді. Бүгінгі экзит-пол нәтижелері бұл деректерді растады. Оппозициялық «Тобуро» партиясының көшбасшысы Ли Чжэ Мён үшін респонденттердің 51 пайыздан астамы дауыс берген. Ал билік партиясының өкілі Ким Мун Су 39 пайыздан астам дауыс жинады. Ли Джун Сок болса, экзит-пол бойынша 7 жарым пайыздан астам көрсеткішке ие. Бұл нәтижені оппозиция жақтастары қуана қарсы алды. Олар Парламент ғимаратының алдындағы алаңға жиналып, өз кандидатының жеңісіне сенімді.

БЛИЦ

- Біздің кандидат Ли Чжэ Мён міндетті түрде президент болады. Ол адамдарды бай, кедей демей, барша халықты біріктіре алатынына сенімім мол. Соннам қаласының мэрі болған кезден бастап берген уәдесінің бәрін орындап келеді.

- Ли Чжэ Мён Кёнги провинциясының губернаторы болғанда мен сол өңірдің тұрғыны ретінде оның қызметінің нақты нәтижелерін көрдім. Сондықтан оның жұмысты қаншалықты жақсы атқаратынын білемін. Ли Чжэ Мён еліміздің дамып гүлденуі үшін бар күшін салатынына сенімдімін.

Владислав Цой, тілші:

- Сайлаудың алдын ала қорытындысы түнгі сағат 12-де белгілі болады. Ал нақты нәтижелерді ертең таңертең жариялайды. Сәрсенбіге жаңа мемлекет басшысының инаугурациясы жоспарланған. Ол Парламент аумағында өтеді.