Қазақстан мен Италия мәдениет саласындағы екіжақты серіктестігін нығайтады.

Екі ел басшыларының өзара ресми сапарларынан кейін арадағы достық қарым-қатынас беки түсті.

Еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ынтамақтастық әлеуетін талқылау үшін италиялық әріптесімен кездесті.

Италияның Неаполь қаласында ЮНЕСКО-ның мәдени мұраларға қатысты конференциясы өтіп жатыр. Жиында сарапшылар жаңа геосаяси ахуал мен климаттың өзгеруі жағдайында тарихи ескерткіштерді сақтап қалу мәселесін талқылады. Халықаралық іс-шарада сөз сөйлеген еліміздің мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысушыларды адамзат мұрасына табиғат апаттарының әсерін азайту үшін күш біріктіруге шақырды.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

"Жаңа технологиялар климаттың өзгеруінен төнген қауіп-қатерге уақытылы әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте күш біріктіріп, халықаралық семинар өткізуді ұсынамын. Онда түрлі елдердің экологтарының болжамдарын тыңдап, ортақ мұраны сақтап қалу бойынша нақты ұсыныстар жасалады".

Сапар барысында Аида Балаева Италияның мәдениет министрі Алессандро Джулимен кездесу өткізді. Тараптар гуманитарлық саладағы серіктестік әлеуетін талқылап, бұл бағыттағы нақты қадамдарды мақұлдады. Соның ішінде Қазақстанда рестварация орталығын ашу, екі ел мұражайларының ортақ көрмелерін ұйымдастыру, музыка және кино саласында өзара әрекет ету жағын пысықтады.

Алессандро Джули, Италия мәдениет министрі:

"Бүгін маңызды кездесу өтті. Басқосу Джорджа Мелонидің Қазақстанға ресми сапары мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуі нәтижесіде ұйымдастырылды. Бұл екі елдің театр, кино, опера, заманауи өнер мен жастар саясатындағы байланыстарын нығайту үшін маңызды кезең".

Италия халқы қазақ мәдениеті жайлы көп біледі. Қазақстандық әртістер ЮНЕСКО конференциясы өтіп жатқан Кампания аймағында талай мәрте өнер көрсеткен.

Валентина Мацца, Қазақстанның Кампания аймағындағы құрметті консулы:

"Иә, біздің өңір халқы Қазақстан мәдениетімен жақын таныс. Өйткені мұнда түрлі іс-шаралар өтеді. Мысалы, аймақта Құрманғазы оркестрі концерт ұйымдастырған. Бізде сондай-ақ Алматы мұражайының көшпенділер мәдениетіне қатысты көрмесі өткен. Оқу орындары арасында да тәжірибе алмасып жатырмыз".

Қазақстан мен Италияның мәденииет саласындағы ынтымақтастығы беки түспек. Осы ретте Италияның мәдениет министрі елімізге сапармен келетінін айтты.

Жұлдыз Атагельдиева, Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан