Демалыс күндері Өзбекстанда лай көшкіні жүріп, күре жолды жауып қалды. Соның салдарынан көлік қозғалысы уақытша тоқтады. Төтенше жағдай Қырғызстанмен шектесетін таулы аймақтағы облыстарды орталықпен жалғайтын Қамшық асуында болған.
Толассыз жауған жаңбырдан езілген топырақ қыртысы қиыршық таспен араласып ойпаңға құлаған. Ташкент-Ош автожолына айтарлықтай зақым келді. Апаттық-құтқару қызметі жедел түрде оқиға орнына жетіп, ондаған техника мен мамандар жолды тазалап, көлік қатынасы бірнеше сағаттан соң ретке келтірілді.
Сондай-ақ 2 күн бойы жауған жаңбыр салдарынан Жызақ облысында сел жүрді. Тасқын су үй-жайлар мен қора-қопсыны бүлдірген. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ. Әлеуметтік желіде тұрғындар мал шығыны бар екенін айтып дабыл қағуда.
Базаргүл Отыншиева