Қазақстан саудиялықтар үшін тартымды туристік бағытқа айналды, деп хабарлайды 24KZ. Араб түбегінен ұлы дала өлкесіне ат басын бұрғандардың қай-қайсы да ұлттық тағамдарымызға таңдай қағады. Қонақжайлық пен демалыс орындарының қызмет көрсету деңгейін жоғары бағалайды. Бұл жөнінде Эр-Риядта «Қазақстанның туристік мүмкіндіктері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Басқосуға қазақ дипломатиялық миссиясы мен тур компания және жергілікті Саудия үкіметі өкілдері қатысып, ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Тылсым табиғат, кең байтақ жер, ұлттық құндылық және заманауи үндестік. Бұл қазақ даласын сан қырынан сипаттайтын сөз тіркестері ғана емес, шетелдіктер тарапынан берілген шынайы баға. Әсіресе Алматыға алғаш келгендер шексіз сұлулыққа көз тойдырып, табиғатқа тамсана кетеді. Туристік тұрғыда елдің бірегей брендіне баланған қала араб жұрты арасында да аса танымал. Соның ішінде саудиялықтардың айрықша аңсары ауған. Эр-Риядтағы Елшіліктің ұйымдастыруымен өткен жиын тараптар мүддесін өзара ұштастырып тұрғандай.

Мадияр Меңілбеков, Қазақстанның Сауд Арабиясы корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі:

- Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанға Сауд Арабиясынан келетін туристер санын ұлғайту. Өткен жылғы көрсеткіштер бойынша Сауд Арабиясынан Қазақстанға барған туристер саны 47% артып, 9 мың адамнан асты. Осы жылға қойып отырған мақсат одан да жоғары.

Қазір араб жерінде нағыз аптап басталды. Күндіз де, кешке де сая іздеп сарылатын шақ. Қыркүйек-қазанға дейін жалғасады. Сондықтан сырт елдерге сапар шегуді көздегендер көп. Осы тұста қазақстандық тарап тиімді тур ұсынуға дайын. Еліміздің орталығынан шығысы мен батысы және күнгейі мен теріскейіне дейін қамтылады.

Бадер әл Энези, туристік компания өкілі:

- 2017 жылдан бастап Саудия мен Қазақстан арасында туристік мақсатта барыс-келіс жиіледі. Біздің өңір халқы Алматы секілді климаты қолайлы қалаға баруды жақсы үрдіске айналдырды. Көктен жиі ылғал жауатын шаһардың инфрақұрылымы да жақсы дамыған.

Қазақ дастарқаны да меймандарды бейжай қалдырмайды. Дөңгелек үстел аясында ұлттық дәміміз таныстырылып, ерекшелігі қаузалды. Ағзаға ең пайдалы түрлері көрсетілді.

Аднан әл Аббас, саяхат және туризм компаниясының жетекшісі:

- Саудиялықтар қазақ жерінің жанға жайлы ауа райын, қолжетімді бағадағы сапалы сервисін және қызмет көрсету орындарын жоғары бағалайды. Сіздерде табиғаттың төрт тамаша мезгілі бар. Әрқайсысының өз кереметі, ғажабы, қайталанбас әсері болады. Осы ерекшелікті ел арасында жиі айтып жүремін. Оның үстіне алдағы шілде айынан бастап екі ел арасында жаңа туристік әуе бағыты ашылады.

Индира Сейітова, ұйымдастырушы:

- Сол кісілерге қазақтың тағамдары: бауырсақ, қазымыз, Каспий теңізінен келген қара бекіренің дәмін таттыру мақсатында әзірлеп жатырмыз. Қонақтарымызға ұнап жатыр деген ойдамыз.

Жалпы дөңгелек үстелде еліміздің туристік бағыттарға көбірек көңіл бөліп, белсенді және мәдени саяхат саласын кешенді дамытып жатқаны атап өтілді. Әуе қатынасын тұрақты жолға қойып, сервисті жақсарту бағытында да бастамалар айтылды. Іс-шара B2B форматындағы іскерлік сессиямен жалғасты. Еске салайық, Саудия азаматтары елімізге визасыз кіре алады.

Қазақта «Қонағыңды құдайдай күт, құт келеді» деген сөз бар. Корольдік жеріндегі дипломатиялық миссия жетекшілері турфирмалармен бірлесіп, осы қағиданы ұстанып, қызмет етіп келеді. Мұндай үрдіс елге көп саяхатшы тартып, сервистік сала жұмысын дамытуға да септігін тигізіп жатыр. Қазір елімізде демалыс маусымы қызған. Шетелдік меймандардың алды Алматы мен Астанаға, енді бірі қасиетті Түркістан сынды өңірлерге табан тірей бастады.

Авторы: Рауан Мыңбай