Геосаяси шиеленістің салқыны Түркияға да сезіле бастады. Экономика, қауіпсіздік және дипломатиялық қатынастар жаңа сын-қатермен бетпе-бет келді. Әскери жағдай болғанда көші-қонның күшеюі – заңды құбылыс. Түркия – Иранмен шекаралас елдердің бірі. Осы алты күн ішінде шекарадан өтушілер арасында өсім байқалды ма?
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Иә, Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс аймақтық тұрақтылықты шайқалтқан геосаяси дағдарысқа айналды. Түркия үшін бұл жағдайдың салдары ең алдымен экономикалық және қауіпсіздік салаларынан көрініп жатыр. Соңғы бірнеше күн ішінде Түркияда жанармай бағасы үш рет көтерілді. Сарапшылар: «Бұл мұнай бағасының күрт өзгеруі және сауда жолдарының бұзылуымен байланысты», – дейді. Сонымен қатар әскери технологиялар мен қорғаныс жүйелері тақырыбы да Түркияда қызу талқыланып жатыр. Президент Режеп Тайип Ердоған орта және алыс қашықтықтағы зымыран өндірісін арттыруды тапсырды. Жалпы Анадолы елі соңғы жылдары ұшқышсыз аппараттар, әскери ұшақтар мен фрегаттар өндірісін күшейте бастаған.
Режеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:
- Біз соңғы оқиғаларды ескере отырып, орта және алыс қашықтықтағы зымыран қорын тежеуші деңгейге жеткізу үшін өндіріс жоспарын әзірлеп жатырмыз. Мақсатымыз – Түркияға қоқан-лоқы көрсетуге дәті бармайтындай деңгейдегі қорғаныс қабілетіне қол жеткізу.
Сыртқы саясатта да Түркия өз ұстанымын ашық білдірді. Ел парламенті Израильдің Иранға жасаған шабуылын бірауыздан айыптап, арнайы резолюция қабылдады. Президент Ердоған қақтығысты тоқтату үшін өңір және әлемдік көшбасшылармен келіссөз жүргізіп, дипломатиялық жолмен шешуге тырысып жатыр. Ресми Анкара халықаралық қауымдастықты үнсіз қалмауға шақырды.
Жевдет Йылмаз, Түркия вице-президенті:
- Қақтығыс жалғасқан сайын адам шығыны ғана емес, экономикалық және экологиялық сын-қатерлер артып келеді. Мұнай бағасының өсуі мен сауда жолдарының бұзылуы аймақтық шеңберден асып, жаһандық салдарға әкеп соғуы мүмкін. Бұл жағдай Түркияны ғана емес, бүкіл әлем экономикасына қауіпті. Біз мәселелерді дипломатиялық жолмен шешуге басымдық беруіміз қажет.
Түркия 8 елмен шекаралас болса, солардың ішіндегі ең ұзыны Иранмен. Шекара ұзындығы 500 шақырымнан асады. Қазіргі таңда Ираннан адамдар жаппай қашып жатыр деуге негіз жоқ. Дегенмен қозғалыс бар. Түркияның Ван провинциясына келіп жатқан ирандық туристер саны бұрынғыға қарағанда төмен. Көпшілігі қысқа мерзімдік сапармен келіп, елдеріне қайта оралып жатыр. Сарапшылар: Ббұл шиеленіс ұзаққа созылмайды», – деп үміттенеді. Себебі 9 күннен кейін Мұхаррам айы басталады. Бұл айда мұсылмандар қантөгістен аулақ болуға тырысады. Алайда бұл Таяу Шығыс. Мұндағы жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін.