Әділет жүйесіне жасанды интеллект енгізілді. «Digital Justice» жобасы аясында сот шешімдерін орындау, сенімхат рәсімдеу, заңгерлік кеңес алу қызметтері электронды форматқа көшті.
Бұл туралы әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, саладағы 53 мемлекеттік қызметтің барлығы автоматтандырылған. Мысалы, робот-сот орындаушы жүйесі іске қосылғалы айыппұлдарды өндіру процесі цифрландырылды. Нәтижесінде 1 млрд 200 млн-нан астам қаражат үнемделді. Онлайн нотариат арқылы тұрғындар 350 мыңнан астам цифрлық сенімхат рәсімдеді. Жасанды интеллект негізіндегі құқықтық кеңесші тәулік бойы қызмет көрсете бастады. Сондай-ақ цифрлық сот орындаушы қызметі енгізілгелі борышкердің қосымша төлемдері алынып тасталды. «Бұл бастама саладағы қағазбастылықты азайтып, қызмет сапасын арттыруды көздейді», – дейді вице-министр.
Бекболат Молдабеков, ҚР әділет вице-министрі:
- Жасанды интеллектіге біздің заңдарды үйреттік және Әділет сайтында ол тек қана біздің заңдарға қарап, сізге жауап береді. Былай айтқанда, сізге тегін адвокат немесе тегін көмекшіңіз болады деп айтуға болады. Жасанды интеллект Дәл жаңағыдай құқықтық сұрақтарыңызға жауап бере алады.