Алдағы бес жыл ішінде бір миллион қазақстандық жасанды интеллект бойынша білім алады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметі бойынша оның тең жартысы балалар. Бұл бағытта "АІем-АІ" (әлем и-ай) орталығының маңызы зор. Онда ересектер үшін арнайы мектеп жұмыс істеп тұр. Ал күзде жасөспірімдерге арналған орталық ашылады.

Әйгерім Оңалбаева біраз жыл білім саласында еңбек еткен. Кейін ақпараттық-технология бағытына ерекше қызығушылық таныта бастапты. Астанада "Тоmorrow School" мектебінің ашылғанын естіп, мүмкіндікті тиімді пайдалануды ұйғарған. Ол мұнда екі жылдай оқиды. Алғашқы бес айда бастапқы кезеңдерді меңгерген.

Әйгерім Оңалбаева, педагог:

- Технологиялық жобалармен жұмыс жасаған көбірек ұнайды. Енді осы технологияларды жақсы білу арқылы химиямен байланыстыра отыра, жобаларға қолдансам деймін немесе өзімнің тәжірибем бар білім саласының компаниялары дейді ғой, сол бағытта қызықты жобалар жасауды көздеп отырмын.

Бұл мектепте қазір жүзден астам адам тегін оқып жатыр. Бастапқы кезеңдер аяқталған соң, студенттер тереңдетілген білімге көшеді. Онда әрқайсысы жасанды интеллект, мобильді қосымша, киберқауіпсіздік, бейнеойындар сияқты бағыттарды таңдауы қажет. Орталықта білім беру әдісі дәстүрлі форматта емес, яғни, жетекшілер болмайды.

Данабек Қалиаждаров, ASTANA HUB бас директорының кеңесшісі:

- Білім беру жүйелерін дамыту үшін біз бұрынғы классикалық білім беру жүйесі онша келмейтініне көз жеткіздік және бұл салада жаңа методология, яғни ұстазсыз өзімен өзі жастар бір-бірімен араласып, бірге тұрып, бірге жұмыс істеп, бірге тауып, соның арқасында біліктіліктерін көтеретін методология. Соның арқасында тез масштаб алуы мүмкін.

Ал күзде оқушылар үшін "Тumo" мектебі ашылады. Онда балаларға графикалық дизайн, ойын құрастыру, бағдарламалау және анимация әзірлеу әдістері үйретіледі. Бұдан бөлек, "Алем-АІ" орталығында кәсіби мамандар оқыту, стартап жобалар дайындау және цифрлық корпорациялармен байланыс орнату жұмыстарына басымдық беріледі. Алдағы уақытта барлық өңірді мұндай ауқымды шаралармен қамту көзделген. Қазірдің өзінде Ақтаудағы университеттердің бірінде арнайы орталық ашылып жатыр.

Данабек Қалиаждаров, ASTANA HUB бас директорының кеңесшісі:

- Ол жерде студенттерін оқытады және студенттер біздің бағдарламаны өтсе, тіпті кредиті есептеліп, дипломға бағасы кіреді деген сияқты сондай келісулермен қазір пилот жасап жатырмыз. Ол пилот өз пайдасын көрсетсе, біз көп унивеситетпен жұмыс істейміз деген жоспарымыз бар.

Министрліктің мәліметінше, жасанды интеллект бойынша алдағы бес жылда бір млн қазақстандық оқудан өтеді. Оның тең жартысы балалар, 300 мыңы — студент, 90 мыңы мемлекеттік қызметкер, қалғаны өзге сала мамандары. Олар үшін қосымша бағдарламалар қолданысқа енгізіледі.

Еркебұлан Смадияров, Мадияр Қындыбаев