Меруерт Бижанова 2023 жылы «Биологиялық ғылымдар» бакалавриат бағдарламасы бойынша Nazarbayev University-ді бітіріп, АҚШ-тағы Ivy League университеттерінің бірі – University of Pennsylvania оқу орнына қабылданды. Ол жерде қазақ қызы «Білім саласындағы көшбасшылық» магистратура бағдарламасы бойынша білім алды.

2025 жылы АҚШ-тағы оқуын аяқтағаннан кейін Меруерт халықаралық студенттерге арналған беделді Penn Global Student Citizenship Award сыйлығын иеленді. Ол студенттің жаһандық мәселелерді шешуге деген ұмтылысы үшін беріледі. Осылайша, Меруерт UPenn-нің 284 жылғы тарихындағы аталған сыйлықты иеленген алғашқы қазақ атанды.

Оқу барысында ол теңдік және инклюзия саласындағы зерттеулермен белсенді айналысқан, Жаһандық саясат орталығында тағылымдамадан өткен, сондай-ақ университет өміріне белсене араласып, Студенттік үкімет президенті болып сайланды. Университеттің ресми сайтында отандасымыз Меруерт туралы: «Меруерт UPenn-нің академиялық және қоғамдық өмірінде Қазақстаннан келген студент ретінде белсене араласып келеді», деп жазылған.

Сонымен қатар осы жылдың сәуір айында Меруерт «Білім беру саласындағы философия докторы» бағдарламасы бойынша University of Oxford-ке докторантураға шақыру алды. Оқу осы жылдың қазан айында басталады.

Кәмшат ТӨЛЕГЕНОВА,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті