Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Индонезияда Қазақстан азаматтарының ұсталуына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

ҚР Сыртқы істер министрлігі Индонезияда есірткінің заңсыз айналымына байланысты күдікпен екі қазақстандық ұсталғанын хабарлаған болатын.

"Қазақстанның Джакартадағы елшілігі тергеу органдарымен және айыпталушылардың туыстарымен байланыста. Оқиға Қазақстан дипломаттарының бақылауында", — деп жазылған бұған дейінгі СІМ хабарламасында.

Қазақстандықтар консулдан көмек сұраған

СІМ өкілі Әлібек Бақаевтың айтуынша, индонезиялық тарап тергеу жүргізіп жатыр.

"Индонезиялық тарап қандай да бір шешімге келген бойда бізге хабарланады. Өз тарапымыздан үнсіз отырған жоқпыз, елшілік, консулдарымыз жұмыс істеп жатыр. Консул байланыста", – деді Әлібек Бақаев Сенат дәлізінде.

Оның айтуынша, ұсталған қазақстандықтар консулдық көмек сұраған. Айта кетейік, қазір Қазақстан мен Индонезия арасында сотталған азаматтарды беру туралы екіжақты келісім жоқ.

"Бүгінде Индонезиямен арада мұндай құжаттарға қол қойылмаған, бірақ 2014 жылдан бері қазақстандық тарап Индонезияға осы құжаттарға қол қою жөнінде ұсыныс берген болатын. Осы күнге дейін мұндай жағдайлар болмағандықтан, тәжірибе тұрғысынан ондай қажеттілік болмады. Ал қазір қажеттілік туындап отыр, сондықтан бұл үдеріс жеделдейді деп ойлаймын", – деді Бақаев.

Еске салайық, қазақстандықтар биыл сәуірде ұсталған, олардан шамамен 49 грамм кристалл метамфетамин табылған. Ұсталғандар есірткі таратты деп айыпталып отыр, оларға өлім жазасы тағайындалуы мүмкін.

Индонезияда есірткі қылмыстары үшін қандай жаза қолданылады?

Индонезияда есірткі сақтау және оның заңсыз айналымы үшін өлім жазасы қарастырылған. Егер есірткі мөлшері өңделмеген есірткі (мысалы марихуана) үшін бір келіден, өңделген есірткі (мысалы героин немесе кокаин) үшін бес граммнан асса, ең жоғарғы жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget