Таразда 74 жастағы студент диплом алды. Валентина Проскурина Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық университеттің Заң факультетін бітіріп отыр. Алматылық зейнеткер 2 жыл бойы «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алған. Ол екі қаланың ортасын жалғап жүріп-ақ бір де бір рет сабақтан қалмаған. Негізінде бұл оның екінші жоғары білімі. Ал 46 жыл бұрын Ресейде «Экономика және құрылысты ұйымдастыру» мамандығын аяқтап, ұзақ жылдар қаржы саласында қызмет еткен. 20-дан астам оқу құралы мен әдістемелік нұсқаулықтардың авторы. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру саласында сарапшы болып қызмет етеді. Ал заң саласына келуін тұлғалық ізденістен туған бастама дейді. Енді зейнеткер білім саласындағы заңсыздықтармен күресуге күш салмақ.
Валентина Проскурина, университет түлегі:
Иә, менің мақсатым – білімді заңгер болу. Білім саласын жайлаған жемқорлықпен күрескім келеді. Өйткені бұл бізді дамытпайды. Ал адамның жасы жай ғана сандардың жиынтығы. Сондықтан менің бұл ізденісім 9 немерем мен 2 шөбереме үлгі болады деп ойлаймын. Ал алдағы жылдары заң білімі бойынша магистратураға түсуді жоспарлап отырмын.
Данияр Әлімқұл