Оның миссиясы – урбанистиканы талқылау ғана емес, жаңа шешімдер жүйесін құру.

Қызылордада Қазақстанның алғашқы Ұлттық Урбан форумы басталды. Оны Қызылорда облысының әкімдігі UN-Habitat және басқа да бірқатар серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.

"Бұл жай ғана оқиға емес, жаңа дәстүрдің бастауы. Қазақстан UN-Habitat аясындағы жаһандық қозғалысқа қосылды, мұнда әрбір сөз – нақты өзгерістер қадамы болып табылады. Біз урбанистік болашақ туралы айтып отырмыз және оны дәл қазір, осы жерде құрып жатырмыз", – деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Шарада сөйлеген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтің айтуынша, Ұлттық Урбан Форум – өңірлер, сарапшылар мен мемлекет арасында тұрақты диалог құру үшін Қазақстанның ресми тұғырнамасы.

Форумның миссиясы – урбанистиканы талқылау ғана емес, жаңа шешімдер жүйесін құру. Ол үш деңгейді қамтиды:

  • әлемдік (UN-Habitat аясындағы жаһандық форумдарға қатысу);
  • аймақтық (басқа елдермен тәжірибе алмасу);
  • ұлттық (ел аумағындағы қалалар мен қауымдастықтар арасындағы диалог).

Басты тақырып – "Өңірлерден бастау алатын кешенді қалалық қайта құру: Қазақстандағы теңгерімді, инклюзивті және климаттық өзгерістерге төзімді қалаларды қалыптастыру". Форумға қатысушылар Жаңа қалалық күн тәртібіне (New Urban Agenda) және Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес қаланың инклюзивті және теңгерімді дамуын ілгерілету бағдарларын, қалалар мен ауылдар арасындағы байланысты, климаттық бейімділікті, оған жастардың қатысуын, сондай-ақ басқарудағы цифрлық тәсілдерді талқылайды.

Осы орайда Қызылорда сияқты шағын қалалардың ұлттық даму жолында қалалық бірегейлікті және аумақтық бағдарланған тәсілдерді қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударылып отыр.

БҰҰ Хабитат өкілдерінің айтуынша, жаңа урбанистік күн тәртібі Қазақстанның дамуының ұлттық қалалық траекториясын қалыптастыру үшін негізді қамтамасыз етеді. Бұл – аймақтар, сарапшылар мен билік арасындағы үйлестіру механизмін іске қосу арқылы Ұлттық қалалық саясатты жүзеге асыру шараларын қолдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, белсенділерден бастап әкімдерге дейінгі қалалардың дамуына ниетті әрбір адамның қатысуы үшін платформалық жол ашады.

Форум Үкімет, бизнес, сарапшылар және азаматтық қоғамдастық өкілдері үшін тартымдылық нүктесіне айналады. Құрметті қонақтардың арасында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков, сондай-ақ БҰҰ Хабитат атқарушы директорының орынбасары міндетін атқарушы Рафаэль Тутс, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагча бар.

Форум қатысушыларының сөзінше, урбанизация тек сәулет әлемі ғана емес, бұл адамзат үшін де маңызы зор бағдар.

Қазақстандық форум Польша мен Әзербайжанды және Грузияны қоса алғанда, бүкіл әлемде өткізілетін UN-Habitat халықаралық форматының бір бөлігі болып саналады.