Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Тараздағы тергеу изоляторында пара алу ісі бойынша сотталған 73 жастағы ер адамның қазасына қатысты пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тараздағы тергеу изоляторында қамауда болған ер адам аяқасты қайтыс болды. Оның өлімі бейнебақылау камерасына тіркелген. Марқұм жүрек ауруына байланысты медициналық мекемеде тіркеуде тұрған. Бұған дейін бірнеше рет ауруханаға жеткізіліп, ем-дом қабылдаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өліміне жүрек ауруы себеп болған", – делінген ведомство хабарламасында.

Сотталған ер адам №67 СИЗО-да отырып, апелляциялық шағымның қаралуын күткен. Туыстарының айтуынша, сот отырысы бірнеше рет кейінге қалдырылған. Кейінгі рет 30 шілдеде шегеріліп, 13 тамызға белгіленген.

Қарт адамның денсаулығына байланысты туыстары бұрыннан алаңдаушылық білдіріп келген. Оған күн сайын шұғыл медициналық көмек қажет болған. Дәрігерлер оған жүрек жетіспеушілігі, жүрек демікпесі мен қант диабеті диагнозын қойған.

Ол екінші топтағы мүгедек болған әрі жүрегіне кардиостимулятор орнатылған. Сот-медициналық сараптамалардың қорытындысы бойынша, оның диагноздары жазасын өтеуден босатуға негіз бола алатын аурулар қатарына жатқан.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Logotype Massaget