Жетісу облысында «Eco Balkash» атты экологиялық акция өтті. Игі шараға 50-ден аса адам қатысты. Олар Балқаш көліне барар жолдың жиегі мен көл жағасын қоқыстан тазартты. Акцияға ерікті жастармен қатар көлік жүргізілушілері және жолаушылар да атсалысты. Ұйымдастырылған экологиялық плоггинг табиғатты аялап, адамдарды қоғам игілігі үшін біріктіруге бағытталған дейді жауаптылар

Арнат Байжұрынов, Жетісу жастары КММ директорының орынбасары:

Акцияның мақсаты – демалушыларға, жастарға, облысымыздың қонақтарына экогиялық мәдениетті насихаттау. Жүрген жерлерінен, арттарынан қоқыстарын жинап жүруге шақыру. Әр адам қоқысын жинай жүрсе табиғатымыз да таза, экология да біраз жақсарар еді.

Ал Таразда «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында облыстық көпбейінді балалар ауруханасының маңы қоқыстан тазартылды. Оған өңірдің белсенді жастары мен «Жасыл ел» еңбек жасағының 50 сарбазы атсалысты. Шара барысында емдеу мекемесі аумағындағы тұрмыстық қалдықтар шығарылып, қураған шөп шабылды. Жалпы тазалық акциясы аймақтың бірнеше ауданында да өткізілді. Мәселен, Жуалы ауданында Жастар аллеясы, Қордайдағы Жібек жолы көшесі, сондай-ақ Аса мен Шу өзенінің жағалауы қоқыстан тазартылды. Жалпы жыл басынан бері «Таза Қазақстан» акциясына облыстың 100 мыңнан астам тұрғыны қатысқан. 6 мың тоннадай қоқыс шығарылған.

Абзал Есіркепов, қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры:

Жыл басынан бері 20-ға жуық акция мен 30-дан астам сенбіліктер ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар 12 тамыз жастар күніне орай біздің орталық тарапынан 10 күндік іс-шара жоспары әзірленген. Сол жоспардың ішінде осы акция орын алуда. Бұл акциялар тек қана биыл ғана емес алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылатынына сенімді түрде айта аламын.

Дамир Нұрмұхамет