Қазақстандық таевондошылар Грузияда өткен халықаралық жарыстан олжалы оралды. Турнирде ел мерейін үстем еткен спортшыларды елорда әуежайынан туыстары қошеметпен күтіп алды.

Батумидегі жарыс бірнеше жас санаты бойынша ұйымдастырылды. Нақтырақ айтқанда, жасөспірімдер, жастар және ересектертер қамтылған. Бәсекеге 7 елдің 500-ден астам атлеті қатысты. Отандастарымыз «Batumi Open» турнирінде 9 жүлде еншіледі. Оның үшеуі алтын, төртеуі күміс және екеуі қола. Енді қатысушылардың бірқатары 14-16 тамыз аралығында Астанада өтетін «Kazakhstan Open » халықаралық рейтингілік додада өнер көрсетеді.

Әлішер Бисенбай, жаттықтырушы:

10-11 жастағы балалар үш алтынды жеңіп алды. Төрт жекпе-жектен өткізіп, грузиялық қарсыластарын, Өзбекстан спортшыларын финалда жеңдік. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы осы Батуми жарысында үшінші орынды иелендік.

Мирас Исенгельдин, Таеквондодан (WT) Қазақстан жасөспірімдер құрамасының мүшесі:

Жақсы өтті, бірақ финалда сәл сәттілік жетіспей қалды. Тағы да жұмыс істейміз. Қазір алдыда «Kazakhstan Open» бар, сол жақта жеңіске жетемін деген ойдамын.

Асылбек Данияр