Қарағанды өңірінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 10 білім ордасын салу жоспарланған.
Қазір облыс орталығында 2 мектеп пайдалануға берілді. Екі нысан жаңа оқу жылында халық игілігіне тапсырылады.
Қаладағы «Томирис» жаңа шағын ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды. Халық саны көбейген соң, «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен 1200 орындық білім ошағы салынды. Мұнда ақпан айында жақын маңдағы бала саны көп мектептен 500 оқушы ауысып келді. Гүлдана Әбішева ата-аналар ұйымының мүшесі. Арнайы келіп мектептің жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.
Гүлдана Әбішева, қала тұрғыны:
- Бұған дейін балаларымыз Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте оқыған болатын. Ол жақта сыныптар толық болғандықтан осы мектеп ашылғалы ерекше қуанышқа бөлендік. Мектептің жағдайы жасалған толығымен. Бастауыш, орта, жоғарғы сыныптар әр блокта оқиды.
Қазір мектепте 700 оқушы бар. Оқу ордасында білім алуға барлық жағдай жасалған. Бірнеше спорт залы, кітапхана, зертханамен жабдықталған оқу бөлмелері , асханасы бар.
Алтынгүл Володяқызы, №24 жалпы орта білім беру мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Бір ауысымда оқытылады. Таза қазақ тілінде. Бұл мектептің бір ерекшелігі-жаңа заманауи кабинеттердің баршылығы. STEM зертханасы, робототехника кабинеті, хореография, жиын залдары бар. Біздің ерекше метептің артықшылығы -үйірмелердің көптігі. Балалар сыртқа шықпай іштегі үйірмелерге тегін, емін-еркін бара алады.
Жаңа оқу жылында қалада осындай тағы екі заманауи мектеп пайдалануға беріледі. Біріне шаһардағы Ыбырай Алтынсарин атындағы үш ауысымдық мектептің біраз оқушысы ауысып келеді. Жаз бойы білім бөлімінің мамандары оқу ордаларының құжатын рәсімдеп, оқушылар тізімін жасап, мұғалімдерді жұмысқа қабылдаумен айналысты.
Есентай Әшім, қалалық Білім бөлімінің басшысы:
- Мына шахталар болған аудандарда құрылыс аз да, қаланың оңтүстік-шығысына қарай биік үйлер салынуда. Ол биік үйлерге орналасып жатқан көбіне жас отбасылар. Бала саны көп. Сондықтан біз Қарағандының осы оңтүстік-шығыс жағында өте үлкен қажеттілікті байқаймыз. Жаңа аудандарға мектептер, балабақшалар керек. Сондықтан осы «Келешек мектептерінің» орналасу локациясының өзі осы мәселені шешіп жатыр.
Жалпы Қарағанды облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 білім ордасы пайдалануға беріледі. Бұл өңірдегі мектеп жетіспеушілігі мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит, 24KZ