Жастарға барынша жағдай жасау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Халықаралық пән олимпиадалары жеңімпаздары және жүлдегерлерімен жүздескен Президент осылай деді. Шәкірт қабілетін ұштаған ұлағатты ұстаздар мемлекеттік марапатқа лайық екенін жеткізіп, озық ойлы ұрпақ тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айтты. Жиын соңында Мемлекет басшысы дарынды жастарға қаржылай сыйақы сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.
Еліміздің ең білімді әрі дарынды жастары Ақордада бас қосты. Мемлекеттің бас ғимаратына қадам басқан сәтте оқушылар ерекше әсерге бөленіп, таңданыстарын жасыра алмады.
Батыр Ержанұлы, биологиядан халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері:
Кіріп келгенде қобалжу сезімі болды. Үлкен ғимарат. Алайда тосып отырғаннан кейін және бұл жердегі кісілердің мейірімімен қобалжу кетті.
Президент жастарды, ең алдымен білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтап, шынайы ризашылығын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Расында, дарынға ие болу – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді.
Болашақ – жасампаз жастардың қолында. Былтырдан бері оқушыларымыз 30-дан астам халықаралық олимпиада мен ғылыми жарысқа қатысып, мыңға жуық медаль алды. Бұл тамаша көрсеткіш Қазақстандағы білім сапасының деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ал жастарға барынша жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі таңда еліміздің әр аймағында заманауи үлгідегі «Келешек мектептері» ашылуда. Мұғалім мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр. Ғылым жолына түскен жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберу туралы шешім қабылданды. Осылайша біз дарынды әрі талапты жастарға жан-жақты қолдау көрсете береміз.
Елімізге ғалымдар, инженерлер, педагогтар, дәрігерлер мен басқа да жоғары білікті мамандар аса қажет. Әсіресе жасанды интеллект саласындағы мамандар айрықша сұранысқа ие болады. Солардың көшін бастайтын өздеріңіз деген Президент оқушыларға ғибратты сөздерін арнады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз қазір бәріміз бір ел болып, әділетті, Таза әрі Қауіпсіз Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – жай саяси науқан емес. Бұл – мемлекеттілігімізді нығайту деген сөз. Осы ауқымды жұмысты жастарымыз үшін бастадық. Енді оны міндетті түрде орындауымыз қажет. Оның бар игілігін, ең алдымен өскелең ұрпақ, яғни Сіздер көресіздер! Мен еліміздің жастарына зор сенім артамын.
Іс-шараға 24 лауреат, атап айтқанда 4 алтын, 11 күміс және 9 қола медаль иегері шақырылған. Солардың бірі – Ерасыл чемпиондар отбасында тәрбиеленіп жатқан бала. Әкесі уағында кикбокстан әлем бойынша жасөспірімдер арасында үздік атанған. Ал қарындасы Айару Алтынбек шахматтан үш дүркін Әлем чемпионы. Былтыр осы Ақордада Президенттің қабылдауында болған. Сол сәтте менде де Мемлекет басшысының қолынан марапат алсам деген арман пайда болды дейді ол. Бүгін тілегі орындалып, қажырлы еңбек пен түзу тәрбиенің арқасында тағы бір мақсатына қол жеткізді.
Ерасыл Алтынбек, математикадан халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері:
Бізбен әкем жұмыс істейді. Себебі ол Әлем чемпионы болғандықтан, тәжірибесі бар деп ойлаймын. Қалай тәрбиелеу керек, қалай жігер беру керек, қалай балаларға түсіндіру керек, қалай еңбек ету керек екенін, қалай жұмыс істеу керек екенін үйрете алады.
Халықаралық пәндік олимпиадада жүлделі орынға ие болу – терең білім мен табанды еңбекті талап етеді. Алайда еңбек еш кетпейді. Оқушылар Президенттің алғысын алып, 1500, 1000 және 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қаржылай сыйақы сертификаттарын иемденді. Ең бастысы олар білімдерін шыңдап, үлкен өмірлік тәжірибе жинақтады.
Айғаным Балташева, биологиядан халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері:
Мен жалпы биология пәнінен бірнеше жыл бойы дайындалдым. 9-сыныптан бері. Осы олимпиадаға қатысу өте қиын болды. Себебі тапсырмалары өте күрделі. Президентпен кездесу мен үшін және кез келген адам үшін үлкен мәртебе. Сондықтан мені ата-анам мақтанышпен, қуанышпен қарсы алатын шығар деп ойлаймын.
Аңсар Жақсылықов, химиядан халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері:
Мен 10-сыныпты бітіріп жатырмын. Олимпиадаға 7-сыныптан бастап дайындала бастадым. Мектеп бағдарламасынан тыс. Бұған мектептің менторларымен, мұғалімдермен және өзім дайындалдым. Болашақта осы химия жолымен жүргім келеді. Химия инженерия сияқты мамандыққа барғым келеді.
Ресми шарадан соң оқушыларға Ақордада шағын экскурсия ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданатын залдар таныстырылды, естелік сыйлықтар табысталды.
Оңғар Алпысбайұлы