Тайсойған ауылын «Атырау – Миялы – Сағыз – Атырау» автомагистраліне жалғайтын тасжол пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ. Енді ауыл тұрғындары кез келген бағытқа сапарлай алады.
Ұзындығы 46 шақырым жолдың ені 7 метр, беткі асфальты 15 сантиметрді құрайды. Жол бойында төрт жерден мал өткелі мен суағарлар орнатылған. Биыл облыстың 4 ауданында облыстық маңызы бар жолдарда жөндеу жұмыстары жүреді. «Оған облыстық және республикалық бюджеттен 37,8 млрд теңге бөлінді», – дейді жол басқармасының мамандары.
Нұржау Маратов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:
- Миялы – Ойыл автомобиль жолын күрделі жөндеу және облыстық маңызы бар Атырау – Индер жолының 117-167-ші шақырымы және 67-117-ші шақырымы аралығы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа беріледі. Сонымен қатар Атырау – Астрахань автомобиль жолының 616 және 621 шақырым аралығын 3-ші санаттан 1-ші санатқа қайта жаңғырту мақсатында республикалық меншіктен облыстық меншікке беріліп, құрылыс жұмыстары басталды.