0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Қ.Тоқаев апта басында Венгрия астанасы Будапеште өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Халықаралық деңгейдегі жиындарда жиі айтылатын ұсыныстардан бөлек, назарға іліккені – «сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүр» деген тезисі болды.

Президент «мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап етеді» деп ойын жалғай түсті. Қазақстанға экономикалық қана емес, саяси тұрғыдан да өте тиімді жобаның алғаш рет дәл осы алаңда жария етілуі бекер емес. Каспий теңізі арқылы өтетін құбырдың жүзеге асуына мүдделі тараптың бәрі осы ұйымға мүше. Қазақстаннан құбыр арқылы айдалған мұнай Әзербайжанға, одан ары Түркияға тиесілі құбырлар арқылы Мажарстан мен жалпы Еуропа нарығына таратылар еді. Қазір қазақстандық шикізаттың 80 пайызы Ресей аумағын басып өтетін Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы экспортталады.

Мемлекет басшысы ұйымға мүше елдер арасындағы сауда-саттықты тауар түрін көбейту арқылы жандандыруды да айтты. Экономиканың әр түрлі салалары бойынша бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.

Саммитті өткізіп отырған – қарт құрлықтағы түбі түркі — мажар елі. Алайда Венгрия Түркі мемлекеттері ұйымының толық мүшесі емес, Түрікменстан, Солтүстік Кипр сияқты бақылаушы ғана. Олай болса, Еуропалық одақ аясында алабөтен саясатымен ерекшеленетін Виктор Орбанның түркі мемлекеттерін Будапештке бейресми кездесуге шақыруының мәні неде? Әрине алдымен энергетика мәселелерін көздеген болуы мүмкін.

Оны Мажарстан премьерінің әлеуметтік желідегі жазбаларынан да байқауға болады. «Мажарстанға энергия жеткізуде түркі елдерінің рөлі өте маңызды. Арзан энергия алғымыз келсе, дұшпан емес, дос керек!» деп жазды ол.

Демек Мажарстанның транспорт-логистикалық әлеуетін түркі әлемі үшін Еуропаға шығар қақпа қылғысы келеді. Онысын саммитке «Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс» деген атау бергенінен аңғарасың.

Ұйымның келесі ресми саммиті биыл Бакуде өтеді.