Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды.

Сауда үйлері мен жәрмеңкелерде баласын мектепке қамдаған ата-ананың қарасы қалың. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, бүгінде балаларға арналған киім мен аяқ-киімнің бағасы орта есеппен 13 пайызға өскен. Олай болса бір баланы киіндіруге және мектеп құралдарын түгендеуге қанша ақша кетеді?

Тілші: Дәл қазір мен елордадағы Сейфуллин Рақымов көшелерінің қиылысында тұрмын. Жанымда мектеп жәрмеңкесі жүріп жатыр. Қаладағы ең төмен баға осындай жәрмеңкелерде дейді. Расында солай ма? Бірге тексеріп көрейік. — Сәлеметсіз бе! Біз 24КZ телеарнасынан келдік. Мында тауарлардың бағасын айтып жіберсеңіз. Қаншадан болып жатыр?

Иманбекқызы, сатушы:

- Қаламдар 70-100 теңгеден. Пәндік дәптерлердің бағасы биыл көтерілген. 3500 теңгеден екен. Былтыр 3 мың теңгеден болатын. Негізі кішкене тауарлардың бағасы көтерілді. Сөмкелер де қымбат.

Сөмкелердің бағасы сапасына қарай әр түрлі. 3 жарым мыңнан 12 мыңға дейін барады. Ал жейделер 4 жарым мыңнан жоғары.

Шынар Қанат, сатушы:

- Ұлдарға да, қыздарға да толық барлық өлшемдегі форма бар. 1-11 сыныпқа қамтылған. Сарафандары да бар. Кіші өлшемдегі формалар — 17 мың теңге, үлкен өлшемдегілерін — 19 мың теңгеден сатып жатырмыз.

Біз жұмыс күні келгендіктен жәрмеңкеде кісі қарасы аз болды. Дегенмен баласының қамын күйіттеген кей ата-анамен тілдесуге мүмкіндік алдық.

Әсел Нұрадимова, Астана қаласының тұрғыны:

- Басынан аяғына дейін костюм-шалбар, спорттық киім, аяқ киім алдық. Канцтауардың өзіне 10 мың теңге кетеді. Сөмкесі тағы бар, 10 мың теңге. Бір балаға 80 мыңды жеткізе алмаймын. Мен ойлаймын, жылда «3-4 баласы барлар қалай киіндіреді екен» деп. Өзім бір баланы әрең киіндіремін.

Ләззат Ақпейілова, Астана қаласының тұрғыны:

- Мен көпбалалы анамын. Мектепте 3 балам оқиды. Балаларға костюм-шалбарына, сөмкесіне құрал-саймандарына 52 мың теңге кетті. Бұл бір балаға кеткен қаржы. Әлі екі балам бар. Оларға да керек.

Мұндай бағаның өзін тек жәрмеңкеден ғана кезіктіресіз. Сауда үйлерінде тауар құны бұдан 2-3 есе қымбатқа шығатыны анық. Ал ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, биыл мектеп формаларының бағасы орташа есеппен 14 мың теңгеге өскен. Мәселен, өткен жылы 44 мыңнан тұрған қыздардың формасы биыл 58 мыңға қойылып, ұл балалардыкі 40 мыңнан 53 мыңға дейін қымбаттаған.

Серік Әділбаев, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылғы қор бойынша әлеуметтік осал санатты 12 734 баланы қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2025-2026 оқу жылында материалдық көмек мөлшері бір балаға 46 228 теңгені құрап отыр. Көмек алу үшін ата-аналар мектепке өтініш беріп, мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларында көзделген құжаттарды қоса ұсынуы қажет.

Мұндай жәрдем атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балаларға, күнкөріс деңгейі төмен жанұядағы жеткіншектерге, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдай салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына және өзге де әлеуметтік осал топтағы бүлдіршіндерге көрсетіледі

Серік Әділбаев, Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Осы көмек бойынша Астана қаласы әкімдігі, яғни Білім басқармасы барлық білім беру ұйымдарының басшылығымен тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін хабарлағым келеді. Бүгінгі күнге дейін елорда мектептерінде 6 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

Ал көмекке мұқтаж жанұялар қатарына жатпайтын ата-аналар жәрмеңке, дүкендерді аралап, әр балаға киімі, мектеп құралдарымен қосқанда шамамен 100 мыңға жуық ақша шығарады.

Назым Кенжебай, Абдулхамит Бөлекбаев, 24 КZ