Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі электронды құжат айналымы нарығына зерттеу жүргізіп, бірқатар олқылықтарды анықтады.

Нәтижесінде көптеген мекемеге қызмет көрсетіп, құжат алмасуын қамтамасыз ететін «Documentolog» компаниясына қатысты дау шықты. Агенттіктің хабарлауынша, компания өзге операторлардың хаттарын бұғаттап, қызмет көрсетуге қосымша тариф енгізген және бұл әрекеттерін бірнеше жыл бойы іске асырған.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- «Documentolog» компаниясы үш жыл бойы пайдаланушыларға өзге жүйелермен өзара хат алмасуға кедергі келтірген. Электрондық құжат айналымын іске асыратын оператор басқа сервистердің хатын бұғаттап, оларды өткізу үшін ақылы қызметті пайдалануды ұсынған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі аталмыш нарыққа талдау жүргізіп, осындай олқылықтарды анықтады. Зерттеу осы компанияға қатысты арыз-шағымдардан кейін басталған.

Асылхан Сүйіндіков, БҚДА Қаржы нарықтары департаментінің директоры:

- Соңғы үш жылдың ішінде «Documentolog» компаниясы өзінің үстемдігін пайдалана отырып, басқа құжат айналымы жүйлері операторларының хат алмасуына кедергі болып, бұғаттау тәжірибесі орындалды. Бұл ретте Астана қаласы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті тарапынан ескерту енгізілді. Бұл тәжірибені жою бойынша. Дегенмен, бұл ескерту орындайлмай, тергеп-тексеру басталды.

Өз кезегінде аталған компания арызбен келіспей, сотқа шағымданған. Бірақ сот тергеудің заңды екенін алға тартып, олардың шағымын қабылдамай қойған.

«Қазақстанда 6 оператор электронды құжат айналымын іске асырады. Соның 5-еуінде өзара құжат айналымы тегін жүргізіледі», - дейді агенттік өкілі. Дәл осындай құжат айналымын іске асыратын компания өкілі қазір елде мықты операторлардың көптігін айтып, бұл нарықта бәсекелестік жоғары екенін алға тартты.

Бауыржан Қадыров, «DAMUBPM» электрондық құжат айналымы жүйесін жасаушы компания директоры:

- Шамамен 1,5 жыл бұрын біздің құжат айналымында проблемалар туындады. Біздің хаттар пайдаланушыларға жіберілмей қалатын болды. Бұл мектептер, ауруханалар, балалабақшалар сияқты мемлекеттік қаражатпен жұмыс істейтін мекемелердің құжат алмасуында кедергілер пайда болды. Біз проблеманы шешу үшін мән-жайды анықтауға тырыстық. Кейін «Documentolog» біздің хаттарды бұғаттап, сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы жүйесі бар екенін айтып, құжат алмасуға ақша төлеуді талап етті. Жаңа тариф енгізді. Оның қайдан шыққаны түсініксіз. Біз не үшін төлеуіміз керек? Бұл техникалық емес, қолдан жасалған кедергі деп есептейміз. Егер мәселені реттемесе, онда басқа операторлар да қарсы тарифтер енгізуі мүмкін. Сайып келгенде, бұл осы құжат айналымын пайдаланушылардың қалтасын қағады.

Қазір операторлар арасындағы дау шешілгендей болды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәліметінше, барлық жүйелер кедергісіз хат алмасып жатыр. Десе де, елдегі электронды құжат айналымының 75%-і «Documentolog» үлесінде.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Абдулхамит Бөлекбаев