Жапонияда білім алып жүрген қазақ қызы стоматология факультеті студенттерінің арасында өткен байқауда жеңіске жетті.

Жібек Айдын Жапония тіс дәрігерлері қауымдастығының марапатына ие болып, Күншығыс елінің атынан АҚШ-тағы халықаралық конференцияға қатысты. 21 жастағы жерлесіміз қандай жетістігі үшін марапатқа ие болды?

Мынау тісті пастасыз тазалайтын щетка. Құпиясы сабына орнатылған күн батареясында. Ол тіпті люминесцентті шамның жарығында да электр қуатын өндіре алады. Тоқ фотошапшаңдатқышқа беріледі де ауыз қуысындағы тісжегіге себепші бактерияларды жоятын заттар түзіледі. Бұл жаңалықтың авторлары – Жапон университетінің профессоры Сенпуку Хиденобу мен осы оқу орнының 3-курс студенті Жібек Айдын.

Сенпуку Хиденобу, жапон университетінің профессоры:

- Фотокатализаторы бар щеткалар Жапонияда бұрыннан сатылып келген. Бірақ олардың әсер ету механизмін ешкім түсінбейтін. Зерттеу барысында біз Стрептококус мутэнс бактериясының басты патогендік факторы тіс тазалау кезінде шынымен де жойылатынын анықтадық. Бұған кәдімгі люминесцентті жарық жеткілікті. Мұны алғаш ашқан Жібек.

Байқауға 29 жоғары оқу орнының студенттері қатысты. Солардың ішінде Жапония стоматологтар қауымдастығы Жібек Айдын ұсынған фотошапшаңдатқышты – глюканға тәуелді ауыз қуысы ауруларының алдын алудағы ең үздік жоба деп таныды. Ол биыл наурыз айында Нью-Йоркте өткен Халықаралық стоматологиялық зерттеулер қауымдастығының конгресінде ғылыми жаңалығын баяндап, жоғары бағаланды. Жібек Алматыда дүниеге келген, бірақ 14 жасына дейін Қытайда тұрған. 15 жасында Жапонияға барып оқуын сонда жалғастырады. Қазақ, қытай, жапон және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Байқаудағы жеңіс қазақстандық студентті жергілікті және шетелдік стоматологтар арасында танымал етті. Дегенмен оқуын аяқтаған соң елге оралғысы келеді.

Жібек Айдын, жапон университетінің 3-курс студенті:

- Болашақта мен әрине Қазақстанға қайтып тіс дәрігер боғым келеді. Жапонияда алдымен 6 жылдық сабағымды бітіріп сосын бүкіл дүниедегі ең жақсы техникаларды Қазақстанға қайтып алып келу менің бір арманым.

Жібек Айдын мамандық алу үшін әлі 3 жыл оқуы керек. Бала кезінде тісжегі жиі мазалап, стоматолог болуды армандаған қазақстандық студент қызды АҚШ-тағы байқауда жеңіске жетуі қанаттандыра түсті. Себебі оның жаңалығы миллиондаған адамның тіс саулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Владислав Цой, Ольга Лян