Жер шарының шамамен 4/3 бөлігін су алып жатыр.
Гидросфераның 94 пайызы мұхит пен теңіздер, 4 пайызы жер асты сулары, 2 пайызы мәңгілік тоң болып қатып жатыр. Тағы бір 0,4 пайызы жер үстіндегі өзен,сай салаға тиесілі.
Бір уақта су сатылатын заман болады екен десе адам сенбейтін. Қазір әр тамшы есептеулі. Тіпті болашақта соғыстың бәрі осы суға таластан болады деген қауесет те айтылып қалады.
Айтылған сөз расында атылған оқ па деп қаласың. Өйткені бағзыда бір ел, бірге туғандар Үндістан мен Пәкістан дәл осы су үшін бір-бірін түтіп жеуге әзір. Екі тарап ұзақ уақыт су бөлу келісімін сақтап келген еді. Бірақ биыл жағдай ушықты.
Үндістан мен Пәкістан арасындағы су дауы қайта ушықты. Екі мемлекет 1960 жылы Дүниежүзілік банктің арағайындығымен қол қойылған Үнді өзені туралы келісімге 65 жылдан астам уақыт бойы мүлтіксіз бағынып келген еді.
Құжат бойынша Пәкістанға Үнді, Джелам және Чинаб өзендерінің сулары тиесілі болса, Үндістан шығыс ағыстарын пайдалануға құқылы болған. Бұл тарихи келісім екі елдің барлық әскери қақтығыстарын, соның ішінде Каргил соғысын да тежеп, аймақтағы ең тұрақты дипломатиялық құжат ретінде сақталып келді.
Алайда биыл жағдай түбегейлі өзгерді. Кашмирде болған қанды шабуылда 26 бейбіт тұрғын көз жұмды. Үндістан бұл оқиғада Пәкістанды айыптады. Нәтижесінде визалар тоқтатылып, шекара жабылды. Ал ең бастысы арадағы су келісімі бұзылды.
ЦИТАТА:
Хенк Овинк, сарапшы
“Су мәселесі тікелей соғыстың себебі болмаса да, ол елдің қауіпсіздігіне айтарлықтай қауіп төндіреді. Әскери қақтығыстар кезінде су ресурстары жиі шабуыл нысанына айналады. Сондықтан бүгінде жаһандық су дағдарысын шешуге барынша көңіл бөлу қажет.”
Сарапшылар бұл жағдайдың Үндістан мен Пәкістан арасындағы текетіресті күшейтетінін айтады. Мұндағы басты қауіп — екі ел де ядролық қаруы бар мемлекет. Сондықтан суға қатысты дау саяси мәселеден асып түсіп, халықтың күнкөрісі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін түйткілге айналып отыр.
ЦИТАТА:
Аджай Бисария, Пәкістандағы Үндістанның бұрынғы жоғарғы комиссары
"Алдағы бес жылда Үндістан жаңа су қоймалары мен каналдар салуы мүмкін. Бұл Пәкістанға қысым жасаудың амалы. Яғни, Үндістан Пәкістанға ерегісіп судың ағымын азайтып немесе көбейтіп отырмақ. Болашақта бұл жағдай терроризм мәселесімен тікелей байланысты болуы ықтимал. Егер тараптар терроризмді тоқтату жөнінде мәмілеге келсе, онда су ресурстарын қайта бөлу туралы жаңа келісім жасалуы мүмкін."
Үндістанның келісімді тоқтату шешімін Пәкістан “соғыс жариялаумен тең әрекет” дейді. Өйткені төменгі ағыста отырған Исламабадтың дерегіне сүйенсек, бұл қадам 250 миллионнан астам адамның өміріне тікелей қатер төндіріп отыр. Осыған байланысты Пәкістан билігі мәселені дипломатиялық жолмен шешуге мүдделі екенін айтып, халықаралық соттарға жүгінуге кірісті. Алайда Үндістан олардың құзыретін мойындағысы келмейді. Сарапшылардың айтуына қарағанда, екі ел арасындағы әскери қақтығыс аймақ үшін аса қауіпті зардаптарға әкеп соқтыруы мүмкін. Сол себепті тараптарға тиімді мәміле жолын іздеу қажет. Дегенмен қазіргі жағдайда диалогтың басталуы екіталай. Ал Пәкістан су келмесе, қол қусырып қарап отырмақ емес. Қарулы қақтығысқа да дайын екенін білдірді.
Динара Орынтай