Елімізде балалардың қауіпсіздігі үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр ?
Қазақстан балалардың құқығын қорғау бағытында жұмыс жасап жатқаны белгілі. Алайда әлі де шешілмеген мәселелер жетерлік. Оған келтірілген статистика дәлел. Осы жылы 171 баланың құқығы бұзылған. Ал жауапкершілік кімнің мойнында? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев балалар омбудсмені Динара Закиевамен кездесті. Кездесуде Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау мәселелері сөз болды. Закиева 13 өңір мен 73 елді мекенде жүргізілген тексеру нәтижелерін ұсынды. Тексеру кезінде 272 мекемеде балалар арасында анонимді сауалнама жүргізілген. 173 отбасын аралаған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде биыл 171 құқықбұзушылық анықталды. Жылдың ортасы болса да, осыншама балаға қатысты құқықбұзушылық мәселенің қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді.
Тексеру барысында балалардың құқығы әртүрлі жағдайда бұзылғаны белгілі болды. Мысалы, отбасындағы зорлық-зомбылық, білім алуға шектеу, нашар тұрмыс жағдайы, балалардың жеке деректерінің қорғалмауы. Мұндай фактілерді анықтау үшін анонимді сауалнамалар мен отбасыларды аралау тәсілдері қолданылған.
Бұндай құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ел бойынша 112 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар қиын жағдайдағы отбасыларды ерте анықтап, кеңес беріп, жанжалдарды шешуге көмектеседі. Закиеваның айтуынша, бұл орталықтар зорлық-зомбылықтың алдын алуға және балалардың құқығын қорғауға айтарлықтай көмектесіп жатыр. Мысалы 2024 жылы 15 мыңнан астам отбасы осы орталықтардан көмек алған екен. Олардың 68%-ында жанжалдың алдын алуға мүмкіндік туыпты.
Қазір елімізде әр облыс әкімдігінде балалар құқығын қорғайтын арнайы басқармалар құру жоспарланып жатыр. Жаңа бастама орталық пен жергілікті билік арасындағы байланыс пен жұмыс үйлесімін жақсартуға бағытталған. Олар тексеру жүргізу, әлеуметтік қызметтердің жұмысын үйлестіру сияқты маңызды өкілеттіктерге ие болады. Алдын ала есеп бойынша, осындай басқармаларды құру үшін келесі жылы 2,5 миллиард теңге қажет.
Кездесуде тағы бір маңызды мәселе талқыланды. «Қазақстан балалары» бағдарламасын дайындау сұрақтары пысықталды. Бұл бағдарлама балалардың қауіпсіздігіне, білім мен медицинаға қолжетімділігіне және зорлық-зомбылық пен кемсітуден қорғалуына бағытталған. Бағдарламаны әзірлеу үшін 47 кездесу өткізілді. Оған сарапшылар, үкіметтік емес ұйымдар мен ата-аналар қатысқан.
2026–2030 жылдарға арналған бағдарламада 82 нақты шара жоспарланған. Оған 120 миллиард теңге бөлінеді. Негізгі бағыттар:
— балабақша мен мектеп инфрақұрылымын жақсарту;
— мамандарды оқыту;
— бала құқығын қадағалауға арналған технологияларды енгізу.
Онлайн қауіпсіздік пен балалардың жеке деректерін қорғау
Онлайн қауіпсіздік пен балалардың жеке деректерін қорғау да маңызды мәселе. 2024 жылы балалардың жеке деректері таралған 1 342 оқиға тіркелген. Бұл негізінен әлеуметтік желілер мен оқу платформалары арқылы орын алып отыр. Мәселені шешу үшін деректерді өңдейтін компанияларға талап күшейтіліп, мектептерде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
2025 жылы 200 мыңнан астам оқушы киберқауіпсіздік негіздерін оқыған. Нәтижесінде аталмыш заңбұзушылықтардың саны 12%-ға азайды. Сонымен қатар, интернеттегі зиянды контентті тез анықтап, бұғаттайтын ұлттық бақылау жүйесі әзірленіп жатыр.
Соңғы екі жылда балалардың құқығын қорғауға бағытталған 14 заң қабылданды. Омбудсменнің бастамасымен заңдарға 120 өзгеріс ұсынылып, оның 87-сі күшіне енді. Бұл өзгерістер зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтуді, бала асырап алуды жеңілдетуді, интернаттағы балалардың жағдайына бақылауды арттыруды қамтиды. Осы шаралардың арқасында 2024 жылы балаларға қатысты зорлық-зомбылық 9%-ға азайса, интернаттан отбасына қайтарылған балалар саны 14%-ға өскен.
Суицид пен жасөспірімдер арасындағы қылмыс
Суицид пен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу да басты міндеттің бірі. 2024 жылы елімізде 211 бала суицид жасаған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 7%-ға аз. Мұны болдырмау үшін 320 мың оқушыны қамтыған психологиялық қолдау бағдарламалары жүргізілді. 112 мектепте медиация жобалары іске қосылды. Яғни, оқушылар арасындағы жанжалдарды полициясыз шешуге көмектесіп жатыр. Нәтижесінде, жасөспірімдер қылмысы 2 жылда 11%-ға төмендеді.
Кездесуде Президент жергілікті билік пен өңірлік өкілдердің күшін біріктіру керек екенін айтты. 2025 жылы әр өңірде 17 жұмыс тобы құрылып, олар балалар құқығын қадағалау және жергілікті қолдау шараларын әзірлеумен айналысады. Бұл топтарға әкімдік, полиция және қоғамдық ұйым өкілдері кіреді.
Инклюзивті білім беруді дамыту
Сонымен қатар, Президент инклюзивті білім беруді дамыту шараларын әзірлеуді тапсырды. Қазір елімізде 8 200 мектеп бар, бірақ олардың тек 1 400-і ерекше қажеттілігі бар балаларға бейімделген. 2024 жылы бұл бағытқа 18 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 12 000 бала арнайы оқулықпен қамтылып, 3 500 мұғалім оқытылды. Бірақ барлық балаларды қамту үшін алдағы 5 жылда тағы 50 миллиард теңге қажет. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін мектептердің 80%-ы инклюзивті білім талаптарына сай болуы керек.
Шешілмеген мәселелер бар
Атап айтқанда, шалғай өңірлерде маман тапшы, ауылда әлеуметтік қызметтерге қолжетімділік төмен, ведомстволар арасындағы үйлесімділік жетіспейді.
2026 жылы аталған мәселелерді шешу үшін 25 оқыту семинары өткізіледі. Сонымен қатар ауыл мектептерінің жағдайын жақсартуға 1,2 миллиард теңге бөлінбек.