Қарағанды облысында сот 23 жастағы кәсіпкер Алика Мұхамадиеваға қатысты айыптау үкімін шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 2025 жылдың 3 қарашасында Қарағанды облысының прокуратурасы хабарлады:

"Бүгін Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының соты Алика Мұхамадиеваға қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған айыптау үкімін шығарды. Осы үкіммен оған Қылмыстық кодекстің 74-бабының тәртібінде жазаны орындауды кейінге қалдыру шарасы тағайындалды".

Жазаны орындауды кейінге қалдыру амалын қолдануға оның 2 жасар баласының болуы негіз болды.

"2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық заңға 5 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатын жекелеген қылмыстарды қоспағанда, жас балалары бар әйелдер үшін жазаны өтеуді кейінге қалдыруды міндетті түрде қолдануды көздейтін өзгерістер енгізілгендіктен, бүгінгі күні жазаны кейінге қалдыру міндетті норма болып табылатынына назарларыңызды аударамыз". Қарағанды облысының прокуратурасы

Сотта 2025 жылдың жазында М. Threads әлеуметтік желісінде сараптама қорытындысы бойынша ұлттық және діни араздық пен өшпенділікке қатысты сөздер жазғаны анықталды.

Қорғау тарабы істегі дәлелдемелермен келісті, ал сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне шын жүректен өкініш білдірді.

Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

Сот үкімімен М. ҚР ҚК-нің 174-бабы, 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

2025 жылы жазда Threads желісін қолданушылары Алика Мұхамадиеваны қазақтардың ар-намысына тиді, қорлады деп айыптады. Кейінірек кәсіпкер өзінің даулы жазбасына қатысты кешірім сұрап, видео үндеу жариялады. Алайда бұл оны қылмыстық жауапкершіліктен босата алмады.